Мемлекет басшысы Түркістан облысында ресми сапарда жүр. Президент өңір тұрғындарымен кездесті. Бұл туралы Ақорда хабарлады.
Қасым-Жомарт Тоқаев әуелі Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне зиярат етті. Содан кейін Түркістан облысы жұртшылығымен кездесті.
Қазақ жылнамасына алтын әріппен жазылған көптеген тұлғамыз осында жерленген. Былтыр қалаға «Түркі әлемінің рухани астанасы» деген мәртебе берілді. Бұл Түркістанды тұтас түркі жұрты ерекше қадірлейді деген сөз. Ал біз киелі шаһарды рухани және тарихи елордамыз десек, дұрыс пайым болатынына күмәнім жоқ. Сондықтан Үкімет таяу арада Түркістан қаласына осындай мәртебе беру мәселесіне қатысты лайық шешім қабылдайды деп ойлаймын,
деді президент кездесуде.
Мемлекет басшысы жақында Астанадан бастау алған «Ұлы дала жорығы» санаулы күннен соң Түркістанда мәресіне жететінін айтты.
Мұның зор символдық мәні бар. Осы өңірде халқымыздың салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы барынша сақталған. Бір сөзбен айтқанда, Түркістан –халқымыздың қаймағы бұзылмаған қасиетті мекені,
деді Қасым-Жомарт Тоқаев.