Мемлекет басшысы Түркістан облысы халқымен кездесуде өңірдегі оң өзгерістер туралы айтты. Бұл туралы Ақорда хабарлады.
Менің қасиетті Түркістанға ықыласым ерекше екенін білесіздер. Мемлекет басшысы ретінде алғашқы сапарымды дәл осы жерден бастаған едім. Содан бері мұнда көптеген оң өзгеріс болды. Кейінгі жылдары Түркістанға тартылған инвестиция көлемі 8 есе артты. Қаланың инфрақұрылымы жаңғырып, жаңа нысандар бой көтеріп жатыр. Атап айтқанда, 77 мың адамға арналған көп қабатты үйлер салынды,
деді президент кездесуде.
Қасым-Жомарт Тоқаев өңірде тұрғындарды ауызсумен және табиғи газбен қамтамасыз ету мәселесі шешілді деп айтуға болатынын жеткізді.
Оған қоса, қала елдегі ең басты туристік орталықтардың бірі екенін айтып өтті. 2019 жылдан бері облысқа 2 миллионға жуық турист барған.
Облыста жұмыс орындары көптеп ашылғаны да айтылды.
Облыста 64 мыңға жуық тұрақты жұмыс орны ашылды. Осылайша, халықтың тұрмыс сапасы біртіндеп жақсарып келеді. Әрине, өңірді дамытуға мемлекет барынша күш салады. Түйткілдер әлі аз емес, әсіресе, әлеуметтік салада мәселелер бар. Дегенмен ең бастысы – жергілікті жұрттың ынта-жігері,
деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Түркістан жастары «Серпін» бағдарламасының басым грантын иеленгенін айтып өтті.
Биыл «Серпін» бағдарламасы бойынша жастарға арнап 3700-ге жуық грант бөлінді. Оның 800-ден астамын түркістандықтар иеленді. Ел іргесін бүтіндеп, тұғырын нығайту жолындағы осы маңызды жұмысқа сіздер зор үлес қосып келесіздер. Дегенмен жастардың еңбекке құлшынысын арттыруымыз керек,
деді президент.