Соңғы мәліметтерге сай Түркиядағы алапат жер сілкінісі 4000-нан астам бейбіт тұрғындардың өмірін қиды. Қираған ғимараттар мен үйлердің астынан әлі табылмаған қаншама адам бар. Қаза тапқандардың саны сағат сайын артып жатыр. Мына зілзала бірқатар елдің саясатына кішігірім өзгеріс әкелетін сияқты.
Израиль Түркияға құтқару жұмыстары бойынша көмек жібермек. Сирияға да қол ұшын созбақ.
Армения басшылығы да Түркия мен Сирияға көңіл айтып, көмектесуге дайын екенін жеткізді.
Еуропа елдері Түркияға көмекке құтқарушылар жіберіп жатыр. Әзірге ресми мәлімдегендер: Болгария, Хорватия, Чехия, Франция, Греция, Венгрия, Мальта, Нидерланды, Польша, Румыния, Италия, Испания мен Словакия.
Гүржістанның 60 құтқарушысы Түркияға көмекке аттанды. Ұлыбритания да 76 құтқарушы жіберді.
Түркиямен қарым-қатынасы нашар елдің бірі саналатын Грекия апат болған аудандарға құтқарушы тобын жібереді.
АҚШ Түркияға тек қана құтқару жұмыстарымен көмектеспей, сонымен қатар қираған қалаларды қалпына келтіруге де көмектесетінін мәлімдеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Түркияның бірнеше провинциясында болған жойқын зілзала салдарынан көптеген адамның қаза табуына байланысты Режеп Тайип Ердоғанға қайғыра көңіл айтты. Мемлекет басшысы Түркияның зардап шеккен аудандарындағы іздестіру-құтқару жұмыстарына көмектесу үшін Қазақстан шұғыл түрде құтқарушылар мен дәрігерлер жіберетінін, сондай-ақ бауырлас елге гуманитарлық көмек көрсетуге дайын екенін жеткізді. Қазіргі уақытта Қазақстан Түркияға 41 құтқарушы мен дәрігерді жіберді деген ақпарат бар.