Түркия мен Сирияда алапат зілзаладан кейін су арқылы тарайтын аурулар белең алу қаупі бар. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы осылай деп дабыл қақты.
Екі елде зілзаладан құрбан болғандар саны 41 мыңнан асты. Ұйым өкілдерінің сөзінше, Түркия мен Сирияда 26 миллиондай адам гуманитарлық көмекке зәру.
Суық ауа райы, су мен кәріз жүйесінің зақымдануы жағдайды ушықтыра түсуі мүмкін. Маусымдық тұмау мен ковид қосылуы да ықтимал. Әсіресе, үйсіз қалғандар уақытша тұратын аумақтарда вирустың тез тарау қаупі басым.
Қазір билік пен құтқарушылардың назары аман қалғандарға қалай көмектесуге ауысты. Кахраманмарашта жер сілкінісінің ортасында қалып, қашып үлгергендер қалалық стадионда құрылған шатырлы қалада тұрады.
Кахраманмараштағы стадиондағы бүкіл лагерьде тек алты дәретхана бар. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Түркиядағы өкілі Батыр Бердіклычев зардап шеккен аудандарда су жетіспеушілігі жұқпалы аурулардың өршу қаупін арттыратынын ескертті.
Тағы бір зардап шеккен Искендерун қаласында фармацевт Жан Өзсайгили де аурудың өршуі туралы айтады.
Сириядағы жағдай
Сириядағы ахуал азаматтық соғысқа қатысты күрделі болып отыр. Зардап шеккен аймақтарға көмек көрсету әрекеттері бірнеше рет сәтсіз аяқталды, өйткені жол әртүрлі соғысушы күштердің қақтығыс сызықтары арқылы өтеді.
Гуманитарлық топ сәрсенбіге қараған түні солтүстік-батыстағы ең көп зардап шеккен аудандарға жете алды. Куәгер Reuters агенттігіне Сирияның демократиялық күштері (SDF) бақылайтын аумаққа көрпелер, азық-түлік, шатырлар мен дәрі-дәрмектер салынған жүк көлігі келгенін растады.
Джандарис қаласы – түрік шекарасынан бірнеше шақырым жерде орналасқан және Сирияда жер сілкінісінен ең көп зардап шеккен аудандарының бірі. Онда 200-ге жуық ғимарат толығымен қирап, үйінділерден 500-ден астам мәйіт алынған.
Аудандағы іздеу-құтқару жұмыстарын Сирияның Азаматтық қорғанысы ұйымы басқарады. Олардың мәліметтері бойынша, мұнда 5 миллионға жуық адамның 90%-ы жер сілкінісіне дейін гуманитарлық көмекке мұқтаж болған.