Түркияда жер сілкінісі салдарынан қайтыс болғандар саны өсіп жатыр. Жер сілкінісі болған аймақтан 147 934 адам басқа провинцияға эвакуацияланды.
Сондай-ақ басқа елдерден келген 9 369 адам төтенше жағдай орнына жіберілді.
Айта кетейік, Түркияда жер сілкінісі болған аймақтарда 13,5 млн адам тұрады. Бұған дейін Түркия президенті жер сілкінісі салдарынан үйінен айырылған азаматтарға бір жыл ішінде 3-4 қабатты үй салу жоспарда бар екенін айтты.
Бір апта өтсе де, үйінділер астынан адамдар аман табылып жатқаны қуантады. Мысалы, кеше Түркияның оңтүстігіндегі Хатай провинциясының Антакья қаласында ғимарат құлағаннан кейін 122 сағаттан соң құтқарушылар үйінді астынан екі жасар қызды алып шықты.
Құтқару жұмыстарына қазақстандық мамандар да белсене атсалысуда. ТЖМ мәліметінше, Қазақстан құтқарушылары бүгінге дейін 7 адамды құтқарып, медицина қызметкерлеріне тапсырды. Сондай-ақ, олар қайтыс болған 39 адамның, оның ішінде 2 баланың денесі үйінді астынан шығарды.
Түркиядағы жер сілкінісіне байланысты 8 адам қамауға алынды. Олар – зілзала кезінде қираған ғимараттар құрылысына жауаптылар.