Дүкен иелерінің айтуынша, зілзала кезінде ғимараттың керіберіс қабырғасы құлап қалған. Соны пайдаланған қаскүнемдер 70 мың лира қолмақол ақшасын және біраз қымбат тауарды үптеп кетіпті. Ұрылар сол маңдағы дүкендерді және жолдағы базарды тонапты. Ашуға булығып, ашынған кәсіпкерлер арсызды аямай ұрып, бет-аузын қан-жоса қылған.
Ұрылар дүкен-базарды қойып, үйлер мен көліктерді арсыздықпен тонауға көшкен. Тонауға ашық кіріскен ұрылар ашындырған соң, атыс-шабыс та көбейген. Әрбір жерде оқ атылып, құтқару ісіне қауіп төнді. Біреуді құтқарамыз деп Австралия мен Германиядан келген мамандар жұмысты еріксіз тоқтатып, өздері бас сауғалауға мәжбүр.
Зілзала болғалы 6 күннен бері тоқтаусыз жұмыс істеп жатыр едік, қауіпсіздік мәселесі ушыққан соң өзіміз бірдеңеге ұшырап қалмас үшін құтқару ісін уақытша тоқтаттық. Жағдайдың толық бақылауға алынғанын күтеміз,
дейді Германиядан келген құтқарушы Стивен Байер.
Президент Режеп Тайып Ердоған ұрлық-қарлықты тез арада тоқтатып, ұсталғандарды қатаң жазалау туралы арнайы жарлық шығарды.
Бүкіл ел зілзаладан зардап шегіп, зарлап жатқанда, ұрыларды тайраңтадып қоюға болмайды. Базарлар тоналған. Біздің халық мұндай күнәға бармауы керек. Шын мұқтаждарға кәсіпкерлер қолындағы барын береді,
деді Түркия президенті Реджеп Тайип Ердоған.
Түркияның Қорғаныс министрлігі көшелер мен базарларда қауіпсіздікті күшейту үшін арнайы әскер шығарды. Әділет министрі қазірдің өзінде 64 ұрының қамауға алынғанын хабарлады.