Шал мықты. Бірақ ол – шал!
The Wall Street Journal Джо Байденнің екінші мерзімге қайта сайлану мүмкіндігін бағалапты. Мүмкіндігі тым төмен десті.
Байденді қолдауға басты кедергі – оның жасы. Президент болған екі жыл ішінде біраз жетістікке жетті десек те, оның партиялық жақтастарында күмән бар. Байден қайта сайлануға қанша дайындалып жатса, демократтар 80 жастағы президенттің денсаулығы екінші мерзімге шыдамайды-ау деген күдіктерін айтып жүр.
Девальвация енді басталуда
Bloomberg дамушы елдерде девальвация толқынының басталғаны туралы жазады. Халықаралық валюта қоры қаржылық көмектің жаңа кезеңін жариялады, оның негізгі шарты – ұлттық валюталардың құнсыздануы.
2023 жылдың қаңтарында борыш ауыртпалығына батқан үш ел – Мысыр, Пәкістан және Ливан – ХВҚ көмегіне қол жеткізу үшін валюта бағамдарын төмендетті. Ал Аргентина, Бангладеш және Нигерияның валюта бағамдары 2022 жылдың ортасында басталған құлдырауды жалғастыруы мүмкін. Валюта трейдерлері бұл тек бастамасы ғана дейді, өйткені 25-ке жуық ел ХВҚ-ның құтқару пакеттеріне кезекте тұр.
Инфляциямен айла-шарғы
The Guardian шенеуніктері инфляцияның баяулауы туралы хабарлаған Ұлыбритания орталық банкінің қуанышына ортақтаса алмайды. Баспаның айтуынша оларды түсінуге болады.
Бағаның өсуі 1980-ші жылдан бері ең жоғарғы көрсеткішке жеткеннен кейін, ресми мәліметтерде жақсы жаңалықтар азайып қалды. Сарапшылар қаңтар айы баға индексі былтырғыдай тез өспейтін үшінші ай болатынына сенімді. Ал шенеуніктер болса мұның бәрі үкіметтің сарабдал экономикалық саясатының арқасы деп айтуда.
Алайда қаңтарда, мұнай мен газ бағасының әлем бойынша кең көлемде құлдырауына байланысты, инфляция 11 пайыздан төмен болуы мүмкін. Яғни бұл себептер Сунактың билік етуіне байланысты емес.
Бұған қоса шенеуніктер өмір сүрудің әлі де удай қымбат екендігі және осы жылы миллиондаған адам кедейшілікке тап болатыны туралы үнсіз. Инфляцияның төмендеуі тұтынушылар үшін бағаның төмендеуін білдірмейді – баға әлі де өсе береді, тек бұрынғыдай тез емес.
Украинаға салым
Fox news АҚШ-тың ең ірі банкі JP Morgan Украина президенті Владимир Зеленскиймен өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойғанын жазды. Мақсат – Украинаның инфрақұрылымын қалпына келтіру үшін жаңа инвестициялық қорға жеке капитал тарту. Басылымның дереккөздерінің мәліметінше жоспарда 20-дан 30 миллиард долларға дейін жеке капиталды тарту көзделген.
Банк басшыларының президент Зеленскиймен талқылаған өзге де идеяларының бірі – Уолл-Стрит фирмалары басқаратын, мұнай өңдеу зауыттарына, жолдарға, көпірлерге және басқа да экономикалық инфрақұрылымға инвестиция салатын банк құру.
Дереккөздердің айтуынша қордың немесе банктің жоспарлары тек талқылану кезеңінде және әлі де өзгеруі мүмкін. Әрине, соғыс жағдайында жеке ақшаны тарту оңай бола қоймайды. Егер Ресей ілгерілей түсіп, Украина территориясына басқындық жасауын жалғастыра берсе, жеке инвесторлар Украинаға инвестиция салмайды.
Қытай ма, бейтаныс нысан ба?
The New York Times АҚШ-тың аспанында не болып жатқанын анықтауға тырысуда. Әскерилердің хабарлауынша АҚШ жойғыш ұшақтары соңғы төрт күнде Солтүстік Америкада үш нысанды атып түсірген. Сондай-ақ, «қытай портты қаласының» үстінде тағы бір әуе нысаны байқалғаны хабарланды – қай қала екенін әскерилер нақтылаған жоқ.
Жақында болған әуе шарына қатысты оқиғада Пентагон оның қытай тыңшысы екенін үзілді-кесілді айтқан болса, қазіргі жағдайға қатысты мәлімдемелерде бұл «Американың қауіпсіздігіне қауіп төндіретін белгісіз ұшатын нысандар» деп көрсетілген. Тілшілердің жағдайды түсіндіру туралы өтініштерін Пентагон жауапсыз қалдырып отыр.