Қазақстанда такси жүргізушілері мен онлайн қызмет көрсететін курьерлер үшін арнайы салық режимі енгізіледі. Бұл туралы үкімет сағатында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова айтты.
Еңбек қызметін Яндекс Такси, Глово және тағы басқа сияқты онлайн платформалар арқылы жүзеге асыратын тұлғалар үшін арнайы салық режимі енгізіледі. Сонымен бірге салық агенттері тиісті төлемдерді жүзеге асыратын онлайн платформа операторларын анықтауы керек,
деді министр.
Сонымен бірге министрдің айтуынша, қызметкерлерді жазатайым оқиғалардан сақтандыратын жұмыс берушілер үшін сақтандыру тарифтерін төмендету қарастырылған. Тарифтердің ең төменгі және максималды мәндері болады. Бұл мәндерді таңдау өндірістегі жазатайым оқиғалардың, жарақаттардың және кәсіптік аурулардың деңгейіне байланысты болады.
Тарифтерді төмендету бойынша қабылданған шаралар Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан және сақтандыру ұйымдарынан төленетін әлеуметтік төлемдердің көлемін кезең-кезеңімен ұлғайтумен ұштасады. Осылайша келесі жылдан бастап жұмысынан айырылған азаматтар 6 айға дейін бұрынғы табысының 45% мөлшерінде Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төлемдер алады,
деді Тамара Дүйсенова.