Жылдар бойы күткен тас жол тым сапасыз. Әлі көлік жүріп өтпеген көше ертеңдері жаңбыр мен қар суына тіптен төтеп бермей, ағып кетеді деп отыр наразы тұрғындар. Өйткені, асфальт жабындысы қазірден-ақ ойылып, қолмен көтерсе жарылуда. Ал қала әкімдігі жұмысын «жүрдім бардым» жасаған мердігер компаниямен бірігіп мәселені шешуге уәде етті, деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Міне жасағандарына 3 күн ғана өтті. Күн сайын көз алдымызда жолдың үсті үгітіліп, көтеріліп жатыр. Масқара ғой бұл деген. Тұрғындардың барлығы қазір ашу-ызадан жарылуға шақ тұрмыз. Адамгершілік деген қайда? Мына заманда жолды қалай жасау керегін білмеу тіпті ұят. Қалай болса солай сапасыз етіп төсей салған,
дейді Талдықорған тұрғыны Вера Баталова.
Қара топырақ үстіне жұп-жұқа асфальт төседі дейді тұрғындар. Бір аптаға жетпей үгітіліп жатқан жолдың жаңбыр мен қарға тіптен төтеп бермейтініне сенімді. Есептеулері бойынша қалындығы 4 сантиметрді ғана құрайды екен.
Атқамінерлер мәселені шешіп, кем-кетікті жөндеуге мердігерді міндеттейміз деп уәде етті. Қос тарап өзара келісімді екі жылға жасаған екен.
Жоба әлі пайдалануға берілген жоқ. Бүгінгі күнге дейін мердігер ұйымға ешқандай қаржы төленбеді. Талдықорған қаласының тұрғындарына әзірге даурықпауға шақырамын. Өйткені бізде жол жөндеген компаниямен 2 жылға кепілдік бар. Егер осы уақыт аралығында қандайда бір кенеттен жол үгітіліп, ойылып, кемкетік пайда болса «Марлен-А» компаниясы барлық жөндеу жұмыстарын өз қаражаты есебінен реттеуі тиіс,
дейді Талдықорған қалалық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Арман Укунов.
Әкімдіктегілер жауапты компанияға олқылықтың ортын толтыруға 15 қазанға дейін уақыт беріп отыр. Өйтпеген жағдайда өздері сотқа арызданбақ.
Бір қызығы, асфальт салуға қазынадан қанша қаржы бөлінгенін атқамінерлер ашып айтпады.
ktk.kz сайтының материалдарын пайдалану Материалды мәтіннің бірінші немесе екінші сөйлемінде негізгі мәтін ретінде бір шрифтпен орналастырылуы тиіс материалға тікелей гиперсілтеме болған кезде рұқсат етіледі.