Алматылық танго биінің мұғалімі Заир Асим аталған бидің мағынасы терең екенін айтады. Би негативті эмоцияларды оңай еңсеруге көмектеседі, бұл әсіресе қазір — зорлық-зомбылық өршіп тұрған заманда өте өзекті.
«Елімізде болып жатқан жаңалықтар мені де толғандырады. Танго қауымдастықты микроәлеумет деп алатын болсақ, бұл жерде де аталған мәселе бар. «Менің айтқаным дұрыс» деп есептейтін ер адамдар қауымы бұл жерде де жоқ емес.
Бұрын танго басқаша болатын, сен әйел болсаң, ер адамның артынан еріп, не істе десе, соны істеуге міндетті болдың. Қазіргі таңда танго да өзгерді. Бидегі әйелдің орны өзгерді. Бүкіл би әйел үшін қойылатын болды. Әйел қаншалықты белсенді болса, би де соншалықты қызықты бола түседі. Барлығының негізінде техника жатыр», — дейді ол.
Бишінің сөзінше, би – адамның ішкі дауысы.
«Қаншалықты тыңдай алсаң, соншалықты диалог та жақсы болмақ. Биде ер адамның үні естілуі үшін ол босаңсуы керек, әйел ести алуы үшін ол да босаңсуы керек.
Пабло Родригес деген мұғаліміміз бар. Сол кісінің «I am the leader, but she is the lead» деген ұстанымын «Мен оны (әйелді) биге апарамын» деп аудардым. Мен оны қолынан ұстап жетектеп әкелмеймін. Мен оны биге шақырамын. Ол үшін әйел билеуі керек.
Ер адам әйел адамның биін қоюы үшін өз денесін бағындыруы тиіс. Ешкім ешкімді итермейді, ешкім ешкімге мұқтаж емес.
Бұл тұрғыда танго – ер мен әйелдің арасындағы сау қарым-қатынасқа ұқсайды. Ер адам құрылымның иесі, шын мәнінде билейтін – әйел. Бүкіл құрылым әйелге арналған. Анам тангоны көріп тұрып: «Ер адам не істеп тұрғанын түсінбедім, орнына қозғалмайды ғой» деп айтқан. «Әйел істеген қимылдың бәрін ер адам жасап тұр» деп жауап бердім», — дейді Заир Асим.
Танго биінде іште жасырынған эмоцияның бәрі сыртқа шығады.
«Тангода біз өз денемізді зерттейміз, қимыл қалай туындайды, салмақ деген не, соның бәріне зер саламыз. Дене – жадтың ең алғашқы пішіні. Бәрі біздің бұлшықеттерімізде жазулы. Күйзеліске түстің бе, спазмдар пайда болады. Дененің тілін түсінуге тырыспасаң, теріс эмоцияларды бастан кешесің.
Махаббат дегеніміз – үнсіз әрекет. Сезім туралы ақтарылудың қажеті жоқ. Үй тұрғыз, басқа әрекет жаса.
Танго да өте нәзік деңгейдегі коммуникация. Ер адам тангоға келгенде би тілінде қалай сөйлей алатыны ғана маңызды. Біреу өмірде үлкен жетістіктерге жеткен болуы мүмкін, алайда эмоциясын ішінде сақтайды. Би барысында бұл бірден сезіледі.
Біздің қоғамда эмоциямен жұмыс істеудің маңыздылығы көп айтылмайды. Алайда қазір бәрі өзгеруде. Тангоға ден қоя бастағанда, денең де өзгереді, ой-өрісің мен қабылдауың да өзгеріске ұшырайды.
Агрессия мен дұрыс физикалық жүктеменің бір-бірімен байланысын тангомен, денесін зерттеумен айналыспайтын адам түсіне қоймас.
Танго дегеніміз – ең эмоциялық би. Музыканың өзі әртүрлі болады. Пульезе тангосын тыңдағанда актер сияқты ашуға ерік беруің керек. Бұндай музыка қойылғанда нәзік бола алмайсың. Өз эмоцияң мен сезіміңді басқарып, оны білдіріп үйренуің керек. Егер ашу, ызаны көрсеткің келсе, бұл тангода бар.
Тангода нәзіктік, көтеріңкі көңіл-күй, ашу, ыза, мұң бар. Осының бәрін би арқылы бастан өткере отырып эмоцияңды басқаруды үйренесің», — дейді биші.
Соған қарамастан тангодан бас тартатын адамдар да бар. Алайда тангоның Отаны саналатын Аргентина елінде 90% тұрғын – христиан дініндегі адамдар.
Көп адам тангодан бас тартады. Неге? Серіктестің қызғаншақтығынан. Кейбірі діни наным-сенімі негізінде тангодан бас тартып жатады. Алайда мәселе тангода емес, мәселе психологияда. Адам барлық жерде бірдей. Қай жерде жүргені маңызды емес. Басында адам тангодан басқа дүние, мағына іздеп келеді, кейін барып бидің өзін іздейтін болады,
дейді Заир Асим.
Автор: Мейіргүл Оңғарова