«NNN» лақаб атымен танымал блогер Нұрдәулет Бектұрсын құны 90 миллион теңгеге бағаланған Mercedes GT көлігін өртеп жіберді.
Блогердің Instagram желісіндегі бұл видеосы бірнеше сағаттың ішінде миллионға жуық қаралым, ондаған мың пікір мен лайк жинап үлгерді. Ол өзінің Instagram парақшасында көлігін ешкімге сыйға бермейтінін, ұтыс ойындарына тікпейтінін айтты. Одан да көлікті өртеп жіберуді дұрыс деп санапты.
Видеода Нұрдәулет достарымен бірге көлігін өртейтін орынды дайындап, айналасына бензин шашып, от қойған.
Нұрдәулеттің өзі өртеніп жатқан видеоға қатысты ешбір пікір қалдырмаған. Ал жазылушылардың көпшілігі оны түсінбеді. Адамдар шетелдік көлікті өртегенше мұқтаж жандарға көмектесіп, қайырымдылыққа қаражат беруіп немесе үй сатып алуға болады деп санайды.
Ысырап қылып өртегенше, сатып ақшасын мұқтаж жандармен бөліссең болар еді,
Біреу тоңып секіреді, біреу тойып секіреді деген осы шығар,
деп жазды пікір білдірушілер.
Тіпті, Нұрдәулеттің бұл әрекетін хайпқа балап, «Бәрі алдын ала ұйымдастырылған» «өтірік сияқты» деп сенімсіздік танытып жатқандар да табылды.