Соңғы күндері қазнетте «әйелін ұрып өлтірді» деп күдікке ілінген бұрынғы экономика министрі Қуандық Бишімбаев туралы адам шошырлық ақпарат сәт сайын қызу талқыланып жатыр. Атышулы оқиғадан кейін екі ай мерзімге қамауға алынған экс-шенеуніктің ісіне қатысты отандық заңгерлер де түрлі пікір білдіруде, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат порталы.
Әлеуметтік желідегі жұрттың жағасын ұстатқан жаңалық 2023 жылдың 9 қараша күні тарады. Кейін күдікті Бишімбаевтың ұсталғаны жайлы да БАҚ беттерінде жарыса жазды. Жантүршігерлік оқиға Астанадағы мейрамханалардың бірінде болған. Ерлі-зайыпты арасында ұрыс-керіс туындап, сәлден соң 1992 жылы туған әйелдің өлімімен аяқталған. Аталған ақпаратты әуелі елордалық полиция департаменті растаған еді. Бүгінде қылмыстық іс тіркелді. Ендігі қадам қандай болмақ? Атышулы оқиғаға қатысты танымал заңгер әрі адвокат Тілеужан Кішкенебаев пікір білдірді.
Қайтыс болған адамның неден қайтыс болғанын анықтайды. Ол үшін бірнеше сараптама тағайындалады, яғни ол сараптама адамды немен өлтірді, қолмен ұрып өлтірді ме, басқа нәрсемен өлтірді ме немесе у беріп өлтірді ме деген сияқты нақты сараптама тағайындалады. Мүмкін, адам ұрған кезде сүрініп кетіп барып құлап, қарақұсымен құлауы да мүмкін. Солай да өліп кетуі мүмкін немесе ұрған соққысы жанды жеріне тиіп кетті ме, соның барлығын сарапшы өзінің қорытындысында көрсетеді. Сол қорытындыға сүйене отырып қана оған жаза, айып тағылады. Айып тағылғаннан кейін іс сотқа жолданады. Сот сол айыпқа қарай сол бапта көрсетілген жазаларды қарастырады. Одан кейін оның жәбірленуші деп танылатын туысы деген болады. Мысалы, марқұмның бауырлары, әке-шешесі, інілері жәбірленуші деп танылады. Олардың ары қарай бұл сотталушыға кешірім бере ме, бермей ме – осылардың барлығы сот кезінде ескеріледі. Содан кейін сот жаза тағайындайды. Мүмкін кешіретін болса сот жазасын жеңілдетеді деген сияқты… Жоқ, оны бас бостандығынан айыруды қатаң жазада талап ететін болса, сот жәбірленушілердің пікірін ескере отырып жаза тағайындайды,
дейді Тілеужан Кішкенебаев.
«Әйелін ұрып өлтірді» деп күдікке ілінген Қуандық Бишімбаевтың кінәсі толық мойындалса, ол қанша жыл жаза арқалайды? Заңгер өз болжамын ашық айтты.
«Адамды қасақана өлтіру немесе абайсыздар өлтіру» деген бар. Оның барлығы сараптаманың қорытындысына сүйенеді. Егер де ҚР Қылмыстық кодекстің 99-бабы, яғни «Адам өлтіру» дейді. Сол баптың 1-бөлігімен сараланса, ол жерде сегіз жылдан он бес жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы күтіп тұр. Ал егер денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру арқылы адам қайтыс болса, ол ҚР Қылмыстық кодекстің 106 бабының 3-бөлігімен саралануға жатады. Ол жерде сегіз жылдан он екі жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы күтілуде. Егер айыпты солай тағатын болса…,
дейді танымал заңгер.