Тараз қаласының әкімі Ержан Жылқыбаев қызметімен қош айтысатынын жазып, әлеуметтік желіде жазба қалдырды.
Ол өңір тұрғындары мен әріптестеріне алғысын білдірді:
Сенім артылған соң, еліміздің кез-келген өңірінде мемлекеттік саясатты іске асыру – әрбір мемлекеттік қызметшінің міндеті. Алайда, сол міндеттің басталатыны сияқты, аяқталатын да кезеңі болады. Ол – заңдылық. Сондықтан, мен өзімнің Жамбыл жеріндегі қызметімді тоқтатып, тағы бір өмір белесінен өттім.
Осыдан тура 2,5 жыл бұрын Жаратқанның қалауымен қасиетті Әулиеата жеріне жұмыс ауыстырған едім.
1 жылдан аса облыс әкімінің орынбасары ретінде 9 басқармаға жетекшілік еттім. Қордай оқиғасынан соң тұрақтылықты қалыптастыру, әлемді жайлаған пандемиямен күрес, елімізде бұрын-соңды болмаған жаппай білім беруді онлайн форматқа ауыстыру сияқты аса жауапты кезеңде күні-түні еңбек еттік.
Ал, өткен жылдың наурызынан бастап Тараз қаласының әкімі болып тағайындалдым. 400 мыңнан астам тұрғыны бар облыс орталығына басшы болу – халықтың әл-ауқатын жақсарту, сан-салаға серпін беру, қаланы көркейту, халық сенімінен шығу сияқты міндеттерді жүктеді.
1,5 жылға жуық уақыт аралығында атқарған жұмыстарымыз тараздықтардың көз алдында болды. Оның бағасын халықтың өзі бере жатар. Ең бастысы — әрбір жоспарымызда, басымдық берген бағыттарымызда тұрғындардың сұранысы мен қоғамның пікірі ескеріліп отырды. Іске асыруға үлгермей қалған жобалар мен ақталмай қалған үміттер болса кешірім сұраймын,
делінеді оның жазбасында.