Тараз маңынан қару-жарақ пен оқтар табылды. Бұл туралы Polisia.kz хабарлады.
Жаппай тәртіпсіздік кезінде ұрланған қарулардың орналасқан жерін анықтау бойынша бірлескен жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде Полиция департаменті Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының және Тараз қаласы полиция басқармасы криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері қала маңынан қару-жарақ пен оқ-дәрілер салынған қап тапты.
Табылған қаптан екі Калашников автоматы, FBI8000 газ тапаншасы, жарық-шуылды граната, автоматтың оқжатарлары, пышақты мылтық, полиция каскасы, резеңке таяқ және әртүрлі калибрлі 200-ге жуық патрон алынды,
делінген хабарламада.
Бұл дерекке қатысты ҚР ҚК-тің 287-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Қаруларға сот-баллистикалық сараптама тағайындалды.