Тазы мен төбетті қорғауға 1,4 миллиард теңге қажет.
Қазақстанда тазы мен төбетті сақтау және көбейтумен айналысатын және бірыңғай шежіре кітабын жүргізетін ұлттық орталық құрылады. Оған қоса бұл мәселе заң жобасы ретінде бекітіледі. Заң нормаларын іске асыруға барлығы 1,4 миллиард теңге қажет.
Бүгінде қазақ ит тұқымдарының ген қорының нашарлауы байқалады. Сонымен қатар еліміздің көптеген өңірінде олардың толық жойылу қаупі бар,
деді Мәжіліс депутаты Әмерхан Рахымжанов.
Депутаттың айтуынша, бұл іспен уәкілетті орган, оның ішінде оның аумақтық бөлімшелері бар департаменті, қазақ ит тұқымдарын сақтау және өсімін молайту саласындағы қызметті жүзеге асыратын өзге де мемлекеттік органдар, иттерді қорғаудың ұлттық орталығы, қазақы ит тұқымдарды бағумен йналысатын жеке және заңды тұлғалар кіреді.
Сонымен қатар, заң жобасында кинология қызметі, қазақы ит тұқымының шығу тегінің айғағы, бірыңғай шежіре кітабы, қазақ ит тұқымдарының стандарты және ұлттық аңшылық ұғымдары айқындалған.
Депутаттың сөзінше, мемлекеттік қолдау қазақ ит тұқымдарын сақтау және өсімін молайту саласындағы іс-шараларды, оның ішінде ұлттық орталықты қаржыландыру арқылы жүзеге асырылатын болады. Осы салада жұмыс істейтін қоғамдық бірлестіктер мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс алады. Заң жобасында қазақ ит тұқымдарын сақтау және өсімін молайту саласында ғылыми зерттеулер жүргізу нормасы да қарастырылған.