Алматыда ArtSport бағдарламасы жабылды. Қала әкімі оны қаражат жоқ деп түсіндірді. Сонда қалай болды екен? Жаңа бордюрларды ауыстыруға ақша бар, тозығы жетпеген ауланы жөндеуге ақша бар, ал балаларға ақша жоқ болғаны ма? Әлде жақсының бәрі Елордаға ма? Нұр-Сұлтан әкімдігі дәл осы ArtSport-қа тағы 3 миллиард теңге бөлетінін айтып қалды.
1 қыркүйектен бастап Artsport бағдарламасын қаржыландыру тоқтатылады. Бұл туралы Досаев Наурызбай ауданы тұрғындарымен кездесу барысында айтты. Тұрғындардың бірі әкімге балаларының спорт секцияларына тегін баратынын айтып, сұрақ қойып еді.
Бізге осы бағдарлама жақында жабылатыны айтылды. Енді Artsport жұмыс істей ма?
Жергілікті бюджетте ақша жоқ болып шықты. Әкім бұндай шешімдерді қандай принципке сүйеніп қабылдайды? Абаев басқаша айтқан еді. Ол бағдарлама әрі қарай жұмысын жалғастыратынын айтты. Қаражат мәселесі шешіледі деп уәде берді.
Бағдарлама тоқтаса не болады? Шырылдап жүргеннің көбі көпбалалы аналар. Өйткені барлығы бірдей баласын ақылы үйірмеге бере алмайды. Осылайша күзден бері тегін жүзу, би, футбол, сурет салу секцияларына барып жүрген балалар орта жолда қалмақ.
Виктор Бурдин, өзінің Facebook парақшасында осы бағдарлама бойынша үш баласының спортпен шұғылданатынын жазды. Енді қыркүйектен бастап ата-аналарға жаттықтырушылардың еңбегіне төлеңіздер депті. Виктор есептеді.
Екі балама ай сайын 20 мың, үшінші секция – 30 мың, яғни айына 70 мың кетеді. Жарайды, менің жағдайым бар делік. Ал қалған отбасы не болады?
Негізі мемлекеттік бағдарлама кәсіпкерлердің есебінен өмір сүріп келген. Қаражат біткен соң олар қарызданып-қауғаланып, үйірме жұмысын тоқтатпаған екен. Бұған дейін жалғастырамыз деп келген басқарма уәдесінен тайған. Шешімді ортақ чатқа жазып жіберген. Орта жолда тастап кеткен жергілікті билікке үйірме басшыларының ашуы қара қазандай.
Кәсіпкерлер жабылады дегеннен бері баспаған тауы, қақпаған есігі қалмапты. Алайда құрғақ уәдеден басқа ешқандай нәтиже жоқ. Сенетін ешкім жоқ.
«Жаңа басшылық білгенін істейді»,- деп жазды Виктор. Ата-аналар мен балалардың қамын ойлап отырғаны анық. Басышылық ауысқанда сабақтастық пен ортақ мүдде жарты жолда қалып қояды. Халықты күйіндіретіні де осы.
Бірі келіп Әл-Фараби бойымен 80 км жылдамдықпен жүруге тыйым салады, екіншісі рұқсатын береді. Біреуі көпқөбатты үйді таудың түбінен салайық десе, екіншісі болмайды дейді. Жаңа адам жаңа тәртіп орнатуға тырысады. Ал қарапайым халықтың қамын кім ойлап отыр? Алдыңғы көшбасшылардың жасап кеткен еңбегі, салып кеткен фундаменті сол күйінше қалып қоя береді
Ата-аналар мәселе шешілмесе, президенттен араша сұраймыз деп бекініп отыр. Басқа амалдары қалмаған. Қазақтың «Ескіні жамағанның есі кетеді» дегені бар еді. Бірақ «Жаңа Қазақстанда» ескі басшылардың тізесі шыққан принциптері әлі де өзектілігін жоғалтпады.