Отандық танымал киноактриса, продюсер әрі журналист Сабина Сәкен Ләйлә Сұлтанқызына сұхбат беріп, 20 жыл бұрын зорлық-зомбылық құрбаны болғанын мәлімдеді. Сабинаның айтуынша, 16-17 жасында, мектеп оқушысы кезінде оны құрбысының ағасы зорлап кеткен.
Мені мектепте жүрген кезде зорлаған. Ол туысым емес, жақыным емес. Бір құрбым мені туған күніне шақырды. Қарасам сол туған күн кешінде бір жігіт отыр, құрбымнан кім деп сұрасам, «әкемнің екінші әйелінің баласы» деді. Ол жігіт менен үлкен екен. Ертесінде құрбым ол жігітке ұнап қалғанымды айтты. Сосын ол жігіт маған «қызым боласың ба?» деді, мен оған «иә» дедім. Арасында сабақтан қашып, сол үйге барып келеміз. Сөйтсем ол жігіт «криминал» екен. Әлгі үйде полициядан қашып жүрген бала екен,
дейді актриса.
Қылмысқа қатысы барын білген Сабина бірден әлгі жігітпен арадағы қарым-қатынасты тоқтатуға шешім қабылдайды.
Сенің кінәң жоқ, бірақ мен сенің қызың бола алмаймын» дедім. Сол кезде ол пышақ шығарып, менің мойныма тақады да, шешін деді. Мен жыладам, «Өтінемін, тиіспей-ақ қойсаң» деп жалындым. Құрбымды шақырдым, айғайладым. Терезеден секірейін десем, темір тор тұр. Сосын ол жігіт мені ұрды, мен шыңғырдым, айғайладым. Содан кейін мені зорлап тастады да, «киініп кете бер, боссың» деді. Негізі өзім де кінәлімін, мұны өзіне барып айтпай-ақ, телефонмен де айта салуыма болар еді ғой,
дейді Сабина Сәкен.
Кейін бұл жігіт Сабинаға таныс тағы бір қызды зорлағанын біледі. Ол Сәбинаға қарағанда батыл болып, полицияға арыз жазып, ол жігітті кінәсін мойындатып, темір торға тоғытқан.
Сабина Сәкен бұл оқиға көптеген қызға сабақ болса дейді. «Егер мен ештеңе жасырмай, ол жігітті дер кезінде жауапқа тартқызсам, ол қыз да аман қалар ма еді,
дейді актриса.
Мұндай қайғылы жағдай орын алған болса ештеңеден қорықпай, ең алдымен жақындарыңа айтып, зорлықшыны заң алдында жауап беруіне қол жеткізу керек дейді Сәбина ханым.
Бүгінде актрисалықты да, журналистиканы да қойып, тендер ұйымдастыру кәсібіне ауысқан Сабина Сәкен осы құпияны дүйім жұртқа жайып салып, іштегі жарасын біржолата емдемек ниетте.