Кореяға барған екі Қазақстандық азаматтың әуежайдан қашып кеткені туралы ақпарат тарады. Кореялық БАҚ өкілдерінің хабарлауынша 24 наурыз күні Кореяға келіп, бас тарту жөнінде хабарлама алған екі азамат Инчхон әуежайында елге кіре алмай 3,6 метрлік қабырғадан секіріп кеткен.
Қазіргі таңда олардың бірі Тэджон қаласында ұсталғаны анықталды. Тэджон халықаралық полиция қызметкерлері қашқынды, дүкендердің бірінде телефонын қуаттап отырған кезінде тапқан.
Алайда оларды не себепті елге кіргізуден бас тартқаны әзірге белгісіз.
Блогер Өркен Кенжебектің жазуынша, оқиға 24 наурызда болған. Екі қазақстандық азаматты Кореяның кеден қызметкерлері шекарадан өткізбей қояды. Бұған қандай себеп болғаны белгісіз. Бірақ бірі 20 жастағы, бірі жиырмаға әлі толмаған жасөспірімді күту залына жібереді. Ол жақта екі күн отырғаннан кейін таңғы уақытта әуежайдағы бірінші қабатындағы терезені ашып, ұшақтың жүру жолағымен жүгіріп, биіктігі 3,6 метрлік шарбақтан қарғып түсіп, далаға қашып кеткен.
Қос қазақстандықты полиция бәрібір ұстап алған. Енді оларды қандай жазаға тартары белгісіз. Себебі, сол елде он жылдан аса тұрып жатқан һәм Әділет министрлігінде жұмыс істейтін құрбымның айтуынша, бұл террористік акті жасаумен тең жағдай. Ал бұған себеп не десеңіз — екеуін кеденнен өткізбей қойған. Қалай болса да, бұл оқиғадан соң Кореяның іштегі қазақтарға да, келемін деген азаматтарға да одан әрі қырын қарары сөзсіз,
деп жазды Өркен Кенжебек.
Оның пікірінше, бұл жағдай енді қазақстандықтарға Кореяға виза алуда кедергі келтіреді. Онсыз да қазір Қазақстан Еуропаға шенген визасын алуда “ерекше консультациялар қажет ететін елдер” тізімінде.
Бұған ресми себепті ешқашан айтпайды-ау. Ал Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі жобалағандай, бұған “қарапайым” ғана “күнәлар” түрткі болуы мүмкін. Мысалы, студенттер кредит алады, төлемей кетіп қалады елге. Туристер көлікті жалға алады да, айыппұлдарды жинап алып, төлемей қайтып кетеді. Корея мен Еуропамен соңғы бір айдағы екі жағдайды неге мысал еттім? Өз елімізде де, өзге елде де біріміздің кесіріміз мыңға тимейтіндей жауапкершіл болайықшы, иә? Хақысын беріп, құқын талап ететін һәм тәртіпке бағынатын, тура жолын тапқан, кісінің қолына қарамаған ұлттан болайықшы!
деп назын білдірді Өркен Кенжебек.