Ішкі істер министрлігі терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлама берген адам жауапқа тартылатынын еске салады. Бұл туралы Polisia.kz хабарлады.
Адам терроризм актісі туралы жалған ақпарат, хабарлама таратса, Қылмыстық кодекстің 273-бабы бойынша 5000 АЕК (14,5 миллион теңге) дейінгі мөлшерде айыппұл салынады немесе түзеу жұмыстары беріледі. Оған қоса адам бес жылға дейін бас бостандығынан айырылады немесе шектеледі.
Осы жылы осындай фактілер бойынша 138 қылмыстық іс қозғалды, оның ішінде 20 қылмыстық іс сотқа жіберілді.
Қылмыс жасағаны үшін 34 адам ұсталды, оның 17-сі жазаның әртүрлі түріне кесілді: оның ішінде бас бостандығынан айыруға – 8, бас бостандығын шектеуге – 5, шартты түрдегі жазаға – 2 және айыппұл салуға – 1 адам.
Айыпталушылардың біріне сот шешімімен медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары қолданылды.
Сондай-ақ қылмыстық жауаптылық жасына жетпеген ұсталған кәмелетке толмағандардың бірінің ата-анасына айыппұл салынып, олар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл қылмыс үшін 14 жасқа толған адамдар қылмыстық жауапкершілікке тартылады, сондықтан мұны мектеп оқушылары да есте ұстауы керек.
Сонымен қатар сот шешімі негізінде шығындар мен осындай хабарламадан келтірілген барлық залал өтелуге жатады. Арнайы қызметтердің мұндай жалған шақыруларға бір шығуына 200-ден 300 мың теңгеге дейінгі қаржысы жұмсалады, ал кәсіпорындар мен ұйымдардың тоқтап қалуынан келген залал миллиондаған теңгемен есептеледі.
Мұндай әрекеттерді кәмелетке толмағандар жасаған жағдайда залалды өтеу олардың ата-аналарына немесе заңды өкілдеріне жүктеледі.