Бүгін, 7 қазан Ресей президенті Владимир Путиннің туған күні. Қазір оның жасы 70-те. ТМД басшылары Путинді туған күнімен құттықтау үшін Санкт-Петербургтен 20 шақырым қашықтықта орналасқан Константинов сарайына жиналады.
Ресей президенті туған күнінде Константинов сарайында ТМД елдері басшыларының қатысуымен бейресми саммит өткізеді. Бұл туралы Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков хабарлады.
Президент Санкт-Петербургте жұмыс істейтін болады… Күн ортасында Президенттің ТМД-ға мүше мемлекеттердің басшыларымен бейресми кездесу жоспарланған. Ол Константинов сарайында өтеді. Осы жерде мемлекет басшылары 13-14 қазан күндері Астанада Қазақстанның төрағалығымен өтетін Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңестің VI саммиті, ТМД мемлекеттері басшылары кеңесі мен «Орталық Азия – Ресей» саммитінде қаралатын мәселелерді талқылайды,
деді Песков журналистерге берген сұхбатында.
Еске сала кетейік, Путин мерейтойын бірінші рет ТМД-дағы әріптестерімен қарсы алғалы жатқан жоқ. Ол 2002 жылы 50 жылдық мерейтойы болған кезде де Кишиневтегі ТМД саммитіне қатысып, туған күнін басшылармен кездесу арқылы өткізген болатын.
Песков «Бұл жолы Путин өзінің туған күнінде жақын адамдарымен және достарымен кездеседі» деп түсіндірді.