Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырау облысына іс-сапармен барып, облыс жұртшылығымен кездесу өткізді.
Өз сөзінде президент Атырау облысы мұнай мен газды терең өңдейтін орталыққа айналу керектігін айтты. Осы ретте аймақта мұнай-химия кластерін құрудың бірінші кезеңі осылай жүзеге асырылып жатыр.
Еліміз мұнай-химия өнімдерінің 95 пайызына жуығын импорттап отыр. Бұл – дұрыс емес. Біз ішкі сұранысты толық қамтамасыз ете аламыз. Тіпті, сыртқы нарықтарға шығуға мүмкіндік бар,
деді Тоқаев.
Мұнай-химия кәсіпорындары инвестиция салуға өте қолайлы. Әлемде олардың өніміне сұраныс жоғары және бұл сұраныс арта береді. Сондықтан, осы облыста «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» арнайы экономикалық аймағы құрылды. Онда жұмыс істейтін компанияларға салық және кеден жеңілдіктері беріледі.
Сондай-ақ, инвестиция тарту үшін мемлекет тарапынан түрлі амал-тәсілдер қарастырылған. Басқа да ірі жобаларды жүзеге асыру көзделген. Олар инфрақұрылымды дамытуға, инвестициялар мен жаңа технологияларды тартуға жол ашады. Сонымен қатар, бірнеше мың жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Аталған жобалар өңірдің экономикасын әртараптандыру үшін өте маңызды. Үкімет және әкімдік инвесторлармен бірлесіп олардың тезірек іске қосылуын қамтамасыз етуге тиіс.
Мұнай қоймаларын барынша көбейту аса өзекті мәселе болып тұр. Қазір біз дайын мұнайды бірден экспортқа шығаруға мәжбүрміз. Өйткені, технология сондай. Өндірісті тоқтатып қоюға болмайды. Осы орайда, Қытайдың жақсы тәжірибесі бар. Олар өте үлкен қоймалар салған. Сол себепті, мұнай болмай қалғанның өзінде ішкі нарықты 3-4 ай бойы қамтамасыз етіп тұра алады,
деді ол.
Сонымен қатар президент өңірдегі шетелдік компаниялар аймақтың білім беру, денсаулық сақтау және экология мәселелерін шешуге атсалысуы керектігін баса айтты. Үкімет әкімдікпен бірлесіп, инвесторларды осы жұмысқа жұмылдыруы қажет. Әлеуметтік жобалардың жүзеге асырылуына баса назар аудару керек. Осы мәселені Президент жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің қарауына шығару керек. Мемлекет мүддесі үшін инвесторлармен жалпы келісімдерді әзірлеу мәселесін пысықтауды тапсырды.