Президент Қасым-Жомарт Тоқаев көршімен тату болуға шақырды.
Түркістан облысына жұмыс сапары барысында мемлекет басшысы Қазақстанға келіп жатқан ресейліктер легі туралы сөз қозғады. Бұл туралы Tengrinews.kz хабарлады.
Мемлекет басшысының пікірінше, ең бастысы, іргелес елдермен тату болуымыз керек. Бұдан еліміз еш ұтылмайды.
— Соңғы күндері көрші елден, яғни Ресейден көптеген адам келе бастады. Көпшілігі қазіргі ахуалға байланысты амалдың жоқтығынан келіп жатыр. Оларға қамқорлық көрсетіп, қауіпсіздігіне мән беруіміз қажет. Бұл – саяси және гуманитарлық мәселе. Осы мәселені мен Үкіметке тапсырдым, — деді мемлекет басшысы.
Президент қазақтың «Көршімен татудың көңілі тоқ» деген сөзді келтірді. Осындай күрделі жағдайда біз ең алдымен адамгершілік, сабырлық, ұйымшылдықты танытуымыз керек деген пікірді айтты.
— Бізде ешқандай дағдарыс жоқ, дүрбелең де жоқ. Үкімет өз жұмысын атқаруы керек.
Сырттан келген адамдарға көмек көрсетіледі, бірақ жеңілдіктер берілмейді. Жұмыстың бәрі заң бойынша, келісімдер бойынша жүргізіледі,
деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
— Біз Ресей тарапымен келіссөздер жүргізіп, бұл түйткілді еліміздің мүддесіне сай шешеміз. Тағы да қайталап айтамын, осындай алмағайып кезеңде бізге, ең алдымен, береке-бірлік қажет. Елдің тыныштығын сақтай білсек, тұрақты дами аламыз. Барлық мәселені байыппен талқылап, ақылмен шешуіміз керек, — деді мемлекет басшысы.