Мемлекет басшысы Түркия президенті Реджеп Тайип Ердоғанға көңіл айту жеделхатын жолдады, деп хабарлайды Ақорда баспасөз қызметі.
Қасым-Жомарт Тоқаев Түркияның Мардин және Газиантеп провинцияларындағы жантүршігерлік жол-көлік апаттарынан көп адам қаза болуы мен бірқатар азаматтың ауыр жарақат алуына байланысты президент Реджеп Тайип Ердоғанға көңіл айту жеделхатын жолдаған.
Осындай қиын сәтте қайғы-қасіреттеріңізге ортақтасып, барша қазақстандықтың және жеке өзімнің атымнан сізге және жақындарынан айырылған отбасыларға, сондай-ақ, бауырлас түрік халқына қайғыра көңіл айтамын. Марқұмдардың Алла Тағаланың шапағатына бөленуін, зардап шеккендердің тез арада сауығып кетуін тілеймін,
деп жазылған Президенттің жеделхатында.
Айта кетейік, Түркияның Дерик қаласында бір топ адамды жүк көлігі қағып, 16 адам көз жұмған еді.