Астанада «Орталық Азия – Ресей» саммиті өтіп жатыр. Бұл туралы Ақорда хабарлады.
Қасым-Жомарт Тоқаев «Орталық Азия – Ресей» саммитіндегі сөз сөйледі. Мемлекет басшысы елдер арасындағы шекара мәселесінің шешілмеуі тұрақсыздыққа алып келетінін айтты.
Тұрақсыздыққа алып келетін тағы бір фактор – өңірдегі жекелеген елдер арасындағы шекара мәселесінің реттелмеуі. Шекара проблемасы ғасырлар бойы қалыптасқан достық, өзара сенім және тату көршілік негізінде, сондай-ақ халықаралық құқық пен БҰҰ Жарғысының іргелі қағидаттарын мүлтіксіз сақтау арқылы тек бейбіт жолмен шешілуге тиіс,
деді президент.
Президент қалыптасқан сауда-экономикалық байланыстар туралы да сөз қозғады.
Қазіргі жағдайда қалыптасқан сауда-экономикалық байланыстарды сақтау аса маңызды. Шағын және орта бизнесті қолдау шараларына, энергетика, өнеркәсіп, көлік-логистика, ауыл шаруашылығы салаларындағы бірлескен жобаларды қолға алуға ерекше назар аудару қажет. Бұл ретте сауда кедергілерін жою және протекционистік шараларға жол бермеу маңызды,
деді мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев өңірлік сауда-саттықты дамытуға бағытталған күш-жігерді жандандыру қажет екенін айтты. Бұл жерде тауар айналымы құрылымын жақсартуға және оның номенклатурасын кеңейтуге мән берген жөн екені айтылды.