2023 жылы тозығы жеткен жылу желісінің басым бөлігі жаңартылады. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Үкімет отырысында айтты.
Премьер-министр азаматтардан жылу мәселесіне қатысты көптеген шағым түскенін айтты.
2 айдың ішінде 2 бірдей ірі апат болды. Риддер мен Екібастұзда. Сонымен бірге Өскемен, Рудный, Теміртау, Семей, Ақтау және Павлодар қалаларының жылу беру жүйесінде де қауіпті жағдайлар орын алды. Бізде қыс айлары өте қатал. Яғни, апаттар бұған дейін де болып тұрды. Бірақ олар саны жағынан да, ауқымы жағынан да мұндай болған емес. Баспасөз бен әлеуметтік желідегі шағымдарға қараңыздар. Барлық өңірден мыңдаған шағым бар. Бұл бір күннің ғана проблемасы емес. Жылдар бойы қордаланып келді,
деді Смайылов.
Сонымен қатар келер жылдағы жұмыс жоспарын бөлісті.
Келесі жылдан бастап жылу желілерін жөндеу бойынша ауқымды бағдарлама басталады. Бірінші кезекте тозу деңгейі 70%-дан асып кеткен жылу желілері ауыстырылады. Мұндай желілер 1600 км! Екінші кезеңде 4 мың километрге жуық желі жаңартылады. Бұл өте ауқымды жұмыс әрі көп қаражатты талап етеді,
деді Әлихан Смайылов.