Fitch Қазақстанның суверенді рейтингін ВВВ, Тұрақты деңгейінде қалдырды. Онда S&P бойынша да рейтингті да ұстап қалатынымыз анық. Әсілі, біз «коронақаңтар» дағдарысты кезеңінен шығып, енді 4-5 пайыздық өсімнің тұрақты фазасына бет алған сияқтымыз, деген позитивті болжамын бөлісті экономист Айбар Олжаев. Алайда, айтуынша, «орта табыс тұзағында» әлі де боламыз. Есесіне инвестициялық рейтингті сақтаймыз, 2 жыл бойы төлем балансы жағымды болмақ.
Сөзбе-сөз:
Fitch аналитиктері «Сыртқы күйзелістерге төзімділігін дәлелдеген мықты фискалдық және сыртқы баланс — Қазақстан Республикасының рейтингін қолдайтын негізгі факторлар болып табылады»,
деп жазады.
Мұнда мықты деген баға алған фискалды баланстың не екенін түсіндіре кету керек. Ол қанша салық, басқа да түсімдер жинайсың және қанша құртасың — соған байланысты. Көп жинап, аз құртсаң онда бюджетін профицитті, ал жинағаныңнан жаратқаның көп болса, бюджет дефицитті болады. Тиісінше жиналған сома мен құртылған сома арасындағы спрэд (айырмашылық) дефицит немесе профициттің қаржылай көлемін анықтайды.
Біздің бюджет дефицитті. Қазір дефицит 3,2 триллион теңге немесе ішкі жалпы өнімнің 2,7 пайызын құрайды. Дүниежүзілік банк методикасы бойынша бұл дефициттің төмен көрсеткіші болып саналғандықтан, халықаралық сарапшылар біздің фискалды саясатты өте мықты деп есептейді.
Fitch есебінше биыл біздің экономика 4,5 пайызға өсуі тиіс. Халықаралық валюта қоры бізге қатысты биылғы болжамында өсімді 4,3% деген болатын. Бір сөзбен айтқанда, 4 пайыздық өсім шекарасынан асу біз үшін өте маңызды.
Демек биыл жұмыссыздық көлемі тұрақты деңгейде қалады деп күтеміз. Менің ойымша, кедейліктің қысқармай отырғанына әлеуметтік атаулы көмектің шынымен де әлеуметтік мақсатқа жұмсалмай қалатыны да біршама үлес қосады. Осы мәселе назардан тыс қалып келеді. Жақын жылдары АСП, зейнетақы, тағы басқа да төлемдерді «цифрлі теңгеге» ауыстырып жіберсек, яғни «именной теңге токені» системасын енгізсек, әлеуметтік осы ақшаны алаяқтардың қолды қылуынан, басқа мақсаттарға жұмсалып кетуінен сақтай аламыз. Бұл бөлек пост әңгімесі.