Алматы жылу желілерінің бас директоры мен басқа да басшылары жемқорлық үшін сотталды.
Алматы қаласы Медеу ауданының №2 сотының үкімімен пара алғаны үшін:
«Алматы жылу желілері» ЖШС ( АЖЖ) бас директоры К.Бейсенбинов 560 млн теңге айыппұлға;
– Бас инженер Д.Қазымбетов 560 млн теңге айыппұлға;
– Күрделі құрылыс басқармасының бастығы С.Джингильбаев 560 млн теңге айыппұлға;
Пара бергені үшін «СпецКоммунСтрой» ЖШС директоры Б.Разимбеков 400 млн теңге айыппұл түрінде жаза тағайындаумен сотталды.
Бұлардың бәрі мемлекеттік қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырылды.
Сотталғандар үшін айыппұлдың жалпы сомасы 2 млрд 80 млн теңгені құрады, бұл 350 орындық мектеп немесе 320 орындық балабақша құрылысының бюджетіне тең, дейді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігі.
Лауазымды тұлғалар Алматы қаласында жылу желілерін қайта құру туралы шарттар бойынша орындалған жұмыстар актілеріне кедергісіз қол қойғаны және ақша қаражатын аударғаны үшін Б.Разимбековтен 16 млн теңге сомасында пара алды деп күдіктенді.
ҚР ҚК 41-бабына сәйкес айыппұл белгіленген мерзімде төленбеген жағдайда жаза шарасы бас бостандығынан айыруға ауыстырылады. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.