Ресми түрде Украина да, Ресей де майдандағы адам тапшылығы мәселесін мойындамайды. Сонымен қатар, екі ел де адамдардың жаңа топтарын жұмылдыру мүмкіндігін белсенді түрде қарастыруда.
Украина мобилизация шектеуін алып тастады
Түрлі БАҚ-ның хабарлауынша, Украина Қорғаныс министрлігі әскери қызметке шектеулі жарамды адамдарды жұмылдыруға рұқсат берген. Атап айтқанда, мобилизация кезінде енді келесі аурулармен ауыратын адамдар әскери қызметке жарамды деп танылады:
- клиникалық емделген туберкулез,
- симптомсыз АИТВ,
- психикалық ауытқулардың жеңіл қысқа мерзімді ауырсыну көріністері және тағы басқалары.
Бұған қоса, 1 қазаннан бастап медицина және фармацевтика саласындағы қызметкерлер әйелдер әскери есепке тіркелуге міндетті.
Әйелдердің кейбір санаттарына да әскери есепке тұруға тура келеді. Олар – дәрігерлер, медбикелер және фармацевт әйелдер. Бұл санаттар үшін 2023 жылдың 1 қазанынан бастап тіркелу міндетті болады. Әйелдер жасы (60 жасқа дейін) және денсаулық жағдайы бойынша қызметке жарамды болған жағдайда тіркеле алады. Басқа әйелдер үшін әскери есепке тұру ресми түрде ерікті болып табылады.
Билік екінші/үшінші білім алатын студенттер үшін де кейінге қалдыруды жоюды көздеп отыр. Бұл тек 30 жастан асқандарға қатысты болады.
Ресей Орталық Азиядан жалдамалы әскер іздеуде
Қазақстандық саясаттанушы Марат Шибутов өзінің телеграм-арнасында «Дзен және Телеграм желілерінде Қазақстанның қаншалықты нашар екені және қоныс аударушыларға қатысты орысфобияның қандай екені туралы көптеген жазбалар пайда болды. Шамасы, жақында мобилизация болатын сияқты – халық былтырғыдай қашып кетпеуі керек болып тұр ғой» деп жазды.
Бұл ретте британдық The Daily Mail басылымы Ресейдің Орталық Азия елдері мен Арменияда жалдамалы әскерлерді тарту үшін жарнаманы күшейткенін хабарлады. Олар 495 мың рубль көлемінде бір реттік төлем және 190 мың рубль айлық жалақыны уәде етіп отыр. Айта кетелік, бұл елдерде жалдамалылық қылмыстық құқық бұзушылық болып табылады және мұндай жайттар бойынша үкім шығару жағдайлары да болған.
Алдағы мобилизация тақырыбы әлі де әртүрлі сарапшылар арасында өзекті болып тұр. Екі елдің де майданда адам күші жетіспейтіні анық – соғыстың оты ешкімді аяп жатқан жоқ.