Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев Umai ұлттық сыйлығына қатысуға өтінім қабылдаудың басталғанын хабарлады.
Жүлде қоры — 54 млн теңге. Барлығы 4 бағыт бойынша 19 номинация қарастырылған.
Халқымыздың ұлт болып қалыптасуында Ұлытау өңірінің орны ерекше. Ұлытау – ұлтымыздың алтын бесігі, тағылымды тарихымыздың куәсі. Ұлытаудың маңызды оқиғалар мен жетістіктердің орталығына айналғаны қуантады. Сондықтан дәл осы жерде өнер ордасы, ұлт ұясы Ұлытау төрінде, Umai ұлттық сыйлығының басталғаны туралы хабарлағым келеді,.
деді Дәурен Абаев Ұлытау облысының тұрғындарымен кездесуде.
Сыйлық Қазақстанның шығармашылық ұжымдары мен жекелеген орындаушыларына мынадай номинациялар бойынша беріледі:
- театр өнері;
- музыкалық-орындаушылық өнер;
- хореография өнері;
- бейнелеу және сәндік–қолданбалы өнер.
«Театр өнері» бағыты бойынша «Опера өнері» – «Операдағы ерлер партиясын үздік орындау» және «Операдағы әйелдер партиясын үздік орындау» сыйлығының жеңімпаздары 2 млн теңгеден алады.
«Актерлік шеберлік» – 2 млн теңгеден 2 сыйлық – «Үздік ер адам рөлі» және «Үздік әйел адам рөлі».
Оған қоса, «Үздік режиссура» және «Спектакльдің үздік көркем безендірілуі» номинацияларының жеңімпазы 2 млн теңге алады.
Сонымен қатар, «Үздік музыкалық–драмалық спектакль» номинациясы бойынша жеңімпаз 10 млн теңге алады.
Келесі бағыт – «Музыкалық-орындаушылық өнер» – 2 млн теңгеден 3 ақшалай сыйлық – «Үздік дәстүрлі орындаушы» (ән айту), «Үздік дәстүрлі орындаушы» (инструменталист), «Үздік музыкалық ансамбль» (классикалық/халықтық).
Үшінші бағыт – «Хореографиялық өнер» номинациясы бойынша, 5 ақшалай сыйлық беріледі. «Үздік би ұжымы», «Балеттегі үздік орындаушы» (2 сыйлық) және «Үздік хореограф» 2 млн теңгеден, ал «Үздік балет спектаклі» номинациясында жеңген қатысушы 10 млн теңге алады.
Төртінші бағыт – «Бейнелеу және сәндік-қолданбалы өнер». Жеңімпаздар «Сәндік-қолданбалы өнердің үздік туындысы», «Кескіндемешінің үздік жұмысы/графика», «Заманауи өнердегі үздік жоба» номинациялары бойынша марапатталады.
Сыйлық аясында «Үздік балалар спектаклі үшін» арнайы сыйлығы тағайындалады. Жүлде — 2 млн теңге.
Конкурстық іріктеуді жүргізу және сыйлық лауреаттарын анықтау үшін төрт номинацияның әрқайсында 3 тәуелсіз сарапшы болады. 12 адамнан тұратын сараптама комиссиясы жұмыс істейді. Өтінімдер қазірден бастап 9 желтоқсанға дейін қабылданады.