Елімізде пияз 22,5 пайызға қымбаттады. Ал күріш – 5,2%-ға, қырыққабат – 4,1%-ға, сүт пен сәбіз – 3,1%-ға, картоп – 3,0%-ға қымбаттаған.
Әкімдіктерге бағаны ұстау үшін қажетті тетіктердің барлығын бердік. Қаржы да бөлінді. Бірақ баға бәрібір өсіп жатыр. Әкімдіктердің тиімді жұмысын көріп отырғанымыз жоқ. Жергілікті жерлерде аталған мәселеге салғырт қараудың салдарынан бағаның өсуі тоқтайтын емес,
деді үкімет басшысы.
Мысалы Маңғыстау облысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасын реттеу жөніндегі шараларды талдау барысында бағаны тұрақтандыру тетіктерін іске асыруға көзделген 3,6 млрд теңгенің 2 млрд теңгесі игерілмеген.
Ұлытау облысы да бағаның өсуі бойынша көшбасшы болып тұр. Бір жағынан, аймақ логистика тұрғысынан тұйық, сонымен бірге әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы мен жергілікті бизнестің жұмысы әлі жолға қойылмаған. Қаңтар айында регкомиссиялардың 10 отырысы өткізілді, алайда жұмыс нәтижелері шамалы.
Ал Астана қаласында «айналым схемасы» тетігі бойынша қаржыландырудың бөлінген сомасы 14 млрд.теңгені құраған. Бірақ өңір 2022 жылдың қорытындысы бойынша да, ағымдағы жылдың басынан бері де бағаның өсуі бойынша көшбасшылар үштігінде қалып отыр.
Азық-түлік инфляциясының ең жоғары деңгейі Астана және Шымкент қалаларында 2,2%-дан, Қызылорда және Солтүстік Қазақстан облыстарында – 1,8%-дан, Ақтөбе облысында – 1,7%, Ұлытау облысында — 1,5% құраған.