Ыстамбұлда толассыз жауған жауын су тасқынына ұласып, қалада қауіптіліктің сары деңгейі жарияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Салдарынан төрт адам қаза тауып, ондаған адам жарақат алды. Ақжауын Түркияның ондаған провинциясында жалғасып жатыр. Анкара мен Ыстанбұлда ескерту жарияланды.
5 қыркүйекте шаһарда сел жүріп өтті. Қала мэрі Экрем Имамоглудың айтуынша, Арнавуткёй және Башакшехир секілді солтүстік аудандар көбірек зардап шеккен.
Осы аудандардың бірінде орналасқан кітапханада жергілікті тұрғындар қамалып қалған. Кейіннен олар аудандық әкімшілік ғимаратына көшірілді.
AFAD (ТР Төтенше жағдайлар министрлігі) басшылығының мәліметіне сәйкес, қазіргі кезде адамдарды құтқару және жоғалған азаматтарды іздестіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Су тасқыны салдарынан тұрғын үйлерді су басып, егін алқаптары, көліктер бүлініп, талай жол қирады.