Қытайдың солтүстік-батысындағы Нинся-Хуэй автономиялық ауданында сұйытылған газ баллонының жарылуы салдарынан 31 адам қаза тапты.
Синьхуа агенттігі жергілікті билікке сілтеме жасап хабарлауынша, оқиға сәрсенбі күні жергілікті уақыт бойынша сағат 20.40-та (Астана уақытымен 18.40) Иньчуань қаласындағы мейрамханада болған.
Сұйытылған газ жылыстауы салдарынан болған жарылыстан 38 адам зардап шекті, оның 31-і оқиға орнында қаза тапты. Ал құтқарылған жеті адам ауыр халде жансақтау бөліміне жеткізілді.
Қауіпсіздікті жақсарту бойынша жылдар бойы жүргізілген шаралар әлі де оң нәтижесін берген жоқ. Қытайда газ және химиялық жарылыстардан болатын апаттар жиі кездеседі. 2015 жылы Қытайдың солтүстігіндегі порт қаласы Тяньцзиньде сұйық заттардың ағып кетуіне байланысты бірнеше жарылыс болып, 173 адам қаза тапқан.