Қызылорда облысында кене шаққан екі адам қаза тапты, деп хабарлайды Uaqyt.info.
Қызылорда облысы бойынша санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымованың айтуынша, кененің шағуынан Жаңақорған ауданының 77 жастағы ер адамы және Шиелі ауданынан 51 жастағы ер адам көз жұмған.
Екеуі де ауруханаға жатқызылғанымен, дәрігерлер олардың өмірін сақтап қала алмады. Мамандар марқұмдарға Конго-қырым геморрагиялық қызбасы диагнозын қойған.
Әр жағдайды тіркеген кезде 12 сағат ішінде жеке аумақтарды, мал қоралары мен жануарларды дезинфекциялау жүргізіледі. Барлық байланыста болған адамдар 14 күн бойы дәрігерлердің бақылауында болады.
Жалпы үш ай — мамыр, маусым, шілде кененің қауіпті түрлерінің белсенді болатын уақыты. Сондықтан облыс тұрғындарын сақтық шараларын орындап, шаққан жағдайда дереу дәрігерге қаралуын сұраймыз,
деді Әлия Әбдіқайымова.