Алматы мен Астана тұрғындары самокатқа мініп алып, түк болмағандай тротуармен әлі зырылдап жүр.
Жылдамдығы сағатына 6 шақырымнан аспасын деген заң талабы жайына қалды. Әрбір самокаттың жылдамдығын қалай тексересің?
Тоқаевтың Ақордада қандай заңдарға қол қойып жатқаны жастарды қызықтырмайды. Жүргізуші куәлігін алуға қамданып жатқан, басына тағатын шлем мен үстіне киетін жилет іздеу жағына кәдімгідей мән берген біреу жоқ.
Самокатпен жүретіндерге бәрібір сияқты. Бұрын қалай жүрді, әлі солай жүріп жүр.
Есесіне, Қазақстанда осылайша жүрмейтін, өмірде сақталмайтын тағы бір топ заң талабы пайда болды.
Түкіруге, балағат сөйлеуге, көлік рөлінде телефон пайдалануға тыйым салатын заң талабы сияқты.
Біздің депутаттардың бас-көз демей, кез-келген салаға араласа жөнелетіні жаман. Депутаттық сауалдарының дені – тыйым салу, шектеу, реттеу, жазалау.
«Жаңа Қазақстанда» депутаттардың пайдасынан зияны көбірек боп тұр, әзірге.