Біздің қазақтың жымын білдірмей аңдысқан бір жұрты бар. Өзбек. Олимпиада болса, өзбектің адымын аңдып отырамыз. Қанша күміс, қанша алтын…
Көлік шығарады, құрылыс көтереді, аяқ киім тігеді, демографиясын жаңғыртады.
- Өзбек жағы қайтіпті?
- Өзбек заң енгізіпті. Сақалын жұлыпты. Самолетін ұшырыпты.
- Өзбек сөйтіпті, өзбек бүйтіпті…
Төске өрлегенін аңдуға келгенде алдыға жан салмаймыз.
Өзбек бізден баяғыда озып кеткен, ағайын.
Меніңше, ұтты, ілгерледі деп бәйек болудың қажеті шамалы.
Жалаңтөс бабамыз жайлы фильм түсіру арқылы өзбектер екі жеп биге шықты. Қанша ұрпақтың жадына жазылар Ұлы туынды.
Тұңғыш туындыгер болмағасын таласудың өзі — бекершілік. Кез келген дүниенің тұңғышы болғандар тарихта қалады. Мен шығарған үкімім емес, селекция заңы сондай.
Енді бізге оралайық…
Біз комедия көреміз, комедия түсіреміз. Көз алдымда күлдіргіштер мен күлегештер еліне айналдық.
Қазақстан — қарадүрсін комедия индустриясының алып державасы.
Оңға қарасаң, Хи-хи, ха-ха, қарқ-қарқ… Солға бет бұрсақ, сақ-сақ күлкі. Және, ең бастысы, ойсыз, арсыз күлкі… (Күліп жүріп омақаса құлаған империялар тарихта аз болмаған…)
Дүкс-дүкс той, дыңқ-дыңқ музыка… Мерейтойлар. Ескерткіштер. ( кейде ескерткішке толған бүкіл ел — алып мола сияқты)
Көп дүниені ақылмен таразылаған соң айтамыз да. Әйтпесе, көп секілді жыртың-жыртың етіп жүру қиын ба?
Ұнамсыз тұсымыз:
- Популистер билікке араласады; жағымпаздар табысқа жетеді; шайхымазақтар экранды жаулайды;
- Интеллектуалдарты желбуаздар түртпектейді…
- Біздің бар биіктік — мейрам сайын марапат бөлісіп, медаль тағыну.
- Айтқандай, және әркім елде өз кәсібімен шұғылданбайды.
Бет алған бағытымыз осы…
Ал өз басым Өзбек ағайындар үшін шын қуандым. Жақсыны — көрмекке,.. Яшасынляр, Узбек авази. Яшясынляр комшу миллият!
Dastan Kastay