Ұзындығы 106 км «Дарбаза» станциясынан «Мақтаарал» станциясына дейінгі желіні салу жобасын іске асыру «Сарыағаш» өткізу пунктінің жүктемесін жеңілдетуге мүмкіндік береді.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев Өзбекстанның Қазақстандағы елшісі Саидикрам Ниязходжаевпен кездесті. Кездесу барысында тараптар өнеркәсіптік кооперация жобаларын іске асыруды, өнеркәсіп, көлік және қорғаныс-өнеркәсіп кешені саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуді талқылады.
Сондай-ақ, көлік саласының жобалары, атап айтқанда «Дарбаза-Мақтаарал» жаңа теміржол желілерінің құрылысы талқыланды.
Ұзындығы 106 км «Дарбаза» станциясынан «Мақтаарал» станциясына дейінгі желіні салу жобасын іске асыру «Сарыағаш» өткізу пунктінің жүктемесін азайтуға және жылына 10 млн тоннаға дейін қосымша жүк ағынын тартуға, сондай-ақ Түркістан облысының Мақтарал ауданын негізгі теміржол тармағымен байланыстыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, келіссөздер қорытындысы бойынша Марат Қарабаев пен Саидикрам Ниязходжаев елдер арасындағы әуе рейстерін ұлғайтуға жәрдемдесуге келісті.