Барынан жоғы артық Коммунистік партия бар еді бізде. Енді өзінің атауын «Қазақстан халық партиясы» деп өзгеріп алыпты. Әрине, халықтан сұрамай. Төрағасы – Ермұхамет Ертісбаев деген персонаж.
Ертісбаев деген бұрынғы президент, қазіргі бас зейнеткер Нұрсұлтан Назарбаевтың кеңесшісі болған үш рет, 1995 – 1998 жж., 2002 – 2006 жж., және 2008 – 2013 жылдары.
Екі жыл (1998 – 2000 жж.) ҚР президенті жанындағы стратегиялық зерттеулер институтын басқарған.
Екі жыл (2000 – 2002 жж.) ҚР президент әкімшілігінің қоғамдық-саяси бөлімінің меңгерушісі болған.
Екі жыл (2006 – 2008 жж) ҚР мәдениет және ақпарат министрі болған.
Атқарған қызметтеріне қарасақ, бұл кісінің бас зейнеткердің тұсында талай жыл бойы елдің бас идеологы болғанын байқаймыз.
2017 жылы елімізге ЭКСПО-ны алып келген қулардың бірі осы еді. Телевизиялық пікірсайыстарда билеуші партия «Нұр-Отанның» атынан талай сайрап еді.
Әсіресе «саяси реформалар» деген тақырыпта ол өз бастығының «алдымен экономика, сосын саясат» деген белгілі формуласын қызғыштай қорғап еді.
Енді ше? Елбасының дәуірі келмеске кетсе де, Ертісбаев ешқайда кетпей, бізге «жаңа Қазақстан» жасап бергелі жүр.
Қазіргі президенттің жағына шығып алып, халықтың атын жамылған партияның төрағасы болып отыр.
– Кеше ғана «елбасымыздан асқан данышпан жоқ» деп сайраған бұлбұл бүгін парламентке кіріп алып, бізге «жаңа Қазақстан» туралы ертегі айтып берейін деген екен. Партияның съезінде осы Ертісбаевты төрағалықтан алып тастайтын шығар деп ойлап едім, бірақ жоғарыдағы біреулер билікке мұндай персонаж керек деп шешсе керек. Бұл – оның артында белгілі бір күштердің тұрғанын білдіреді. Инсайдерлік ақпараттарға сенсек, бұл кісі жазда биліктегі жоғары кабинеттерге кіріп, өзіне лайықтап жаңа партия құру мәселесін талқылаған деседі. Бірақ билік оған партия құрып беруден бас тартып, оның орнына осы халық партиясына төраға болып деген ұсыныспен құтылған. Қазақстанда партиялардың қалай құрылатынын осыдан-ақ аңғаруға болады. Халық деген атауды иемденген партияның бар сиқы осы. Оны бас зейнеткердің бас жағымпазы басқарады. Қайдағы жаңа Қазақстан бұл, – деген сауал тастайды саясаткер Қазбек Бейсебаев.