Қазақстанда парадокс көп. Мәселен, көпбалалы аналар үшін әр баланың күтіміне айына 13 мың теңге төленеді. Жылына 156 мың теңге. Ал түрмедегі қылмыскерді асырап-бағуға жылына 1 миллион теңге кетеді екен. Оны 12 айға шақсаңыз, шамамен 90 мың теңгеден айналады деген сөз. Бала да, түрмедегі жазасын өтеуші де адам. Ал мына қызықты қараңыз, Қазақстанда бұралқы итті бағуға 15 күнге 96 мың теңге жұмсалады дейді. Мұны бір айға еселесек – 192 мың теңге, бір жылға есептесек – 2 млн 300 мың теңгеге барып жығылады. Сонда Қазақстанда адамнан ит артық деген сөз бе? Басқаша балама таба алмадық, деп жазады Жас Алаш.
2022 жылы бекітілген бала күтіміне байланысты деректерді қараңыз! Мәселен, бірінші балаға 19 897 теңге бөлінсе, екіншіге 23 495, үшінші балаға 27 083, төртінші бала үшін 30 705 теңге төленеді екен. Мұны айға емес, жылға еселесеңіз де, бұралқы иттің бағым қаражатына жетпейді.
Бала күтіміне бөлінетін қаржыны сотталушыға кететін ақшамен де салыстырып есептеп көрдік. Сотталушы ғана емес, тергеуде жатқан күдіктіні де асырап-бағуға қомақты қаржы жұмсалады бюджеттен. Айталық, соңғы мәліметтерге сүйенсек, тергеуде жатқан адамға күніне 2500, жылына 876 мың теңге шығындалады. Қазақстандықтардың ең төменгі күнкөріс деңгейі былтырғы деректер бойынша 60 мың теңге деп көрсетілген. Бұл да парадокстың көкесі. Аяқ-қолы бүтін бір азаматтың табысын күн сайын түрмеде жатқан сотталушының тамағына төлеп отырмыз…
Бұған дейін итті атуға мемлекеттен қомақты қаржы шығындалып келген болатын. Ғаламтордан ондай есепсіз миллиондарды көптеп кездестіресіз. Бір қызығы, ит атуға әр облыс өзінше қаржы қарастырып отырған. Былтыр, яғни 2022 жылы Ақтөбе облысы иесіз иттердің көзін жоюға 41 млн теңге жұмсапты. 2021 жылы 1 млрд теңге, 2019 жылы 54 млн теңге кеткен. Иттің жемі, дүние-ай!
Биыл Шымкент әкімдігі иттерді кастрациялауға 140 миллион теңге бөліп, айды аспанға бір-ақ шығарған-ды. Піштіруден бөлек, иесіз мақұлықты күтіп-баптау үшін бюджеттен тағы 120 миллион теңге қарастырған. Оның қаншасына қай мал дәрігері ит пішіп, кімнің ит бағып жүргенін кім қарап отыр дейсің?!
Былтыр көктемде «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заң жобасы қаралып, мақұлданды. Оны экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі ұсынған болатын. Бұл заң бойынша бұдан былай бұралқы иттерді бей-берекет ата алмайсыз. Атсаңыз, басыңыз бәлеге қалады. Ал Аралбайұлы ату керек дейді, жануарларға жанашыр қоғам өкілдері ит атуды жабайылық дейді.
Бір қызығы, ит атуды заңмен шектеудің дұрыс еместігін ит пен мысыққа үйір табиғат жанашырлары әртүрлі дәлел-дәйектермен қорғап әлек. Мұнысы әкімдік өкілдеріне де қатты ұнайтын сияқты. Ит пен мысыққа болса да, құйылып жатқан ақшаны кім жек көрсін?
Үкімет басшысы иттерге қатысты заң жобасын іске асыру үшін 2022 жылға 1 485,6 млн теңге қарастырылғанын айтқан. Жергілікті бюджеттен тағы қосымша қаржы қарастырылады депсіз. Бірақ уәде етілген оқшаулау орталықтары, вакцинация, басқа да жұмыстар толық жүргізілмей жатқанын көзіміз көріп отыр» дейді. Демек заңға қол қойылғанымен, оның орындалуында кемшілік көп деген сөз.
Қазақстанда кемшіліксіз орындалатын, мүлтіксіз атқарылатын заң аз. Ит атуды шектеу туралы заң қабылданғанымен, бұралқы иттердің мәселесі әлі шешілген жоқ. Екі күннің бірінде ауыл-аймақтарда ит қапқан баланың зары, ит талаған тұрғындардың жанайқайы естіліп жатады. Ит қорыған қоғамда адамды қорғау неге қиын? Ит бағу бала күтімінен де маңызды мәселеге айналғаны қалай?