Жаңаөзенде протестік көңіл-күй. Елде әділдік орнатуға серт берген су жаңа депутаттар алғашқы сынақтан өте алмай, жер сүзе құлады.
Жаңаөзеннен Астанаға жеткен 100 ренжіген адам кешелі бері Энергетика министрлігінің есігін күзетті. Маңғыстаудан сайланған халық қалаулылары ашу қысқан жұрттың алдынан шығып, арыз-шағымын тыңдауға жүрегі дауаламай тым-тырыс жатып алды.
11-і күні кешкісін наразы қауыммен жүздесуге зорға дегенде Ермұрат Бапи, Мақсат Толықбай және Ринат Зайытов жетті. Бірақ олардың жауабы да солғын шықты.
Бапи «біз ерте келгеннен не өзгерер еді» деп келте қайырды, ал Зайытов болса «мұндай мәселе кабинетте шешіледі» деп маңғаздана сөйледі. Мұрнының астынан күбірлеген Толықбайдың не дегенін сол күйі ұға алмадық.
Жаңаөзендік ереуілшілердің темпераментін тани бермейтін «үш найман» адайлардың алдында дәрменсіздік танытты. Жаңбыршин? Ол төбесін де көрсеткен жоқ.
Айта кетелік, наразылар «ҚазМұнайгаз» бен «Өзенмұнайгазға» қызмет көрсететін «БерӘлі Маңғыстау Company» кәсіпорнында жұмыс істеген. Таяуда олар жұмыстан қысқарып қалған. Себебі «ҚазМұнайГаз» ұйымдастырған тендерде «БерӘлі Маңғыстау Company» жеңіліп, «Кезби» және «Ai-Bis» компаниялары жеңген.
«ҚазМұнайГаз» компаниясы наразыларға Кезби» және «Ai-Bis» компанияларынан жалақыларын сақтап жұмыс ұсынған. Алайда наразылар бұл ұсыныспен келіспей, «тоғыз айдан соң тағы тендер өтіп, тағы да жұмыссыз қаламыз, бізге тұрақты жұмыс керек» деген еді.
Қазақстанда Навальный жоқ, бірақ Жаңаөзен бар.
Әл-әзір ашуға булыққан халыққа «митинг мәдениетін» сақтауды сұрап, нотация оқудың қажеті шамалы.
Халықпен келіссөз жүргізілмесе, «еститін мемлекет» елдің пікірін есепке алмаса «жалақыдан» басталған дау басқа да «тақырыптармен» толығады.