21 қыркүйекте таңертең Алматыдағы әл-Фараби даңғылының Розыбакиев көшесімен қиылысындағы тротуар жиегіне «Қабір» деген арт-перформанс қойылды. Бұл туралы Азаттық радиосына аты-жөнін жарияламауды өтінген адам хабарлады.
Оның сөзіне қарағанда, «қабірге әділ сайлау мен тәуелсіз бақылаушылар көмілген», ал оны көмген күректе «Жаңа Қазақстан — Қаңтар» деген жазу бар.
Бұл арт-перфоманс «Жаңа Қазақстан» әділ сайлау мен тәуелсіз бақылаушыларды көміп тастағанын көрсетеді,
деді аноним адам.
Қабір басындағы тақтайшаға #артықайырлыболсын деген хештэг жазылған.
Азаттық тілшісі арт-перфоманс орнына барғанда арт-перформанстан «қабір» ғана қалғанын көрді. Инсталляцияны қашан және кімнің алып тастағаны белгісіз.

Қазақстанда сайлау кезінде тәуелсіз бақылаушылар мен журналистер құқығы жиі бұзылады. Орталық сайлау комиссиясы мен сот тәуелсіз бақылаушылар арызын көбіне елеусіз қалдырады. Батыс бақылаушылары осы уаққа дейін Қазақстанда өткен ешбір сайлауды әділ өтті деп мойындамаған.