Қыркүйекте Ақтөбе облысында сотқа дейінгі тергеп-тексеру нәтижесінде сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағандардан 197 миллион теңге тәркіленді.
Антикордың хабарлауынша, бұл қаржының басым бөлігі Мұғалжар ауданы Құмжарған ауылындағы мектеп құрылысын аяқтауға жұмсалады. Ол 2019 жылғы қаңтарда тапсырылуы тиіс еді, бірақ мердігер барлық мерзімді өткізіп алып, 54 отбасының балалары 1974 жылы салынған ескі мектепте оқуын жалғастыруға мәжбүр.
Сол себепті жаңа мердігерге жемқорлардан тәркіленген қаражаттан 150 миллион теңге бөлінді.
Қалған сома Ақтөбедегі workout алаңының құрылысына жұмсалады. Ол елдегі ең ірі алаңның біріне айналады.
Антикор атап өткендей, сыбайлас жемқорлық фактілері бойынша қайтарылған қаражатқа мектеп салу туралы Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау бойынша жұмыс жалғасады.