Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов үкімет отырысында 2022-2023 оқу жылында өзгерістер туралы баяндады.
Балалар оқу жылында қанша күн демалады?
Жаңа оқу жылында 3,6 миллион баланы қамтитын мектеп жұмыс істейді. Келесі оқу жылы 1 қыркүйекте басталып 36 аптаға созылып, 31 мамырда аяқталады. Жаздың бірінші күнінен бастап оқушылар дәсітүрлі жазғы демалысына шығады,
деді Асхат Аймағамбетов үкімет отырысында.
Министрдің айтуынша, Қазақстан оқушылары жазда 92 күн демалады. Бұл — білім саласындағы көшбасшы елдермен салыстырғанда ең ұзақ демалыс уақыты. Жалпы, бір оқу жылында балалар төрт рет демалысқа шығады. Оған қоса, демалыс және мереке күндерін есептегенде оқушылар бір жылда 192 күн демалады. Тек 173 күн мектепке барады.
Асхат Аймамғамбетов жаңа оқу жылында бірқатар жаңашылдық енгізілгенін айтты.
Біріншіден, арнайы зерттеулер мен сараптама қорытындысы бойынша, 1-класс оқушысына үш тілді бірден меңгеру тиімділігі төмен екені анықталды. Соған орай, қазақша оқытатын мектептерде бірінші класс оқушысын тек қазақ тілінде оқыту, ал орысша оқытатын мектептерде қазақ тілі мен орыс тілін бірінші сыныптан бастап оқыту туралы шешім қабылдадық,
деді министр.
Екіншіден, қазақша оқытатын мектептерде бала 2-кластан бастап орыс тілін пән ретінде оқи бастайды. Барлық мектеп 3-кластан бастап ағылшын тілін оқи бастайды.
Оған қоса, еңбекке баулу пәні 1-кластан бастап енгізілді. Музыка пәні сабағында 6-класс оқушылары қаласа, домбыра үйрене алады. Факультатив есебінен шахматты дамытуға жағдай жасалады.
Министрден оқу жылының ұзаруынан қандай нәтиже күтілетіні сұралды.
Оқу жылының соңғы күнін 31 мамырға дейін ғана созып, өзгеріс енгізуге байланысты 1,5 миллионға жуық баланың 36 күн жаңа демалыс күндері пайда болады. 150 мыңға жуық педагог та сонша күн демалады. 100-ден аса мектепте үш ауысымға өту қаупі болды. Дегенмен инновациялардың келуімен олар екі ауысымда жұмыс істейді,
деді Асхат Аймағамбетов.
Оған қоса, елімізде 1,5 миллионнан астам бала екінші ауысымда оқып жатыр. Соның 300 мыңнан астамы бірінші ауысымға көшеді.
Премьер-министр бұл ұсыныстарды Үкімет қолдайтынын мәлімдеді.
Енді мектеп директоры өз бетінше мұғалімді жұмысқа ала алмайды
Менеджментті және мектептегі кадр сапасын күшейту үшін жаңа өзгерістер пайда болды. Биыл білім беру ұйымдары басшыларын ротациялау институты енгізіліп жатыр. Қазірдің өзінде 431 директор ротациядан өтті.
Педагогтарды жұмысқа қабылдаудың жаңа қағидалары іске асырылып жатыр. Жұмысқа қабылдау енді конкурс бойынша педагогтың білімі, еңбек өтілі, біліктілік санаты және кәсіби жетістіктері сияқты критерилер негізінде өткізіледі. Бұдан бұрын әр директор конкурс өткізбей мұғалімді өз шешімі бойынша жұмысқа қабылдайтын құқығы болды,
деді министр.
Оған қоса, педагогтар Ұлттық біліктілік тестілеу бойынша жұмысқа алу тәртібі қабылданды. Енді педагогикалық білімін растайтын диплом арқасында ғана емес, дипломға қосымша өз пәні бойынша арнайы тестілеуден өтіп, содан сертификат алғаннан кейін ғана мектепте жұмысқа тұра алады.
48 мектептің күрделі жөндеуі мерзімінде бітпеуі мүмкін
Министрдің айтуынша, биыл 261 мектеп күрделі жөндеуден өтеді деп қарастырылған. 1 қыркүйекке дейін 213 мектептің жөндеу жұмысы аяқталады деп жоспарланып отыр.
Дегенмен 12 өңірде, соның ішінде Батыс Қазақстан облысында 12 мектептің, Алматы облысында 5 мектептің, Түркістан және Жетісу облыстарында 4 мектептің, Атырау облысында 3 мектептің күрделі жұмыстары мерзімінде бітпеу қаупі бар. Бұл мектептерде жөндеу жұмыстары жыл соңына дейін созылуы мүмкін,
деді Асхат Аймағамбетов.
Қазіргі таңда өңірлерде оқулықтарды жеткізу жұмысының 67%-і орындалды. Осы апта соңына дейін оқулық толық жеткізіледі. Оған қоса, «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында мектеп кітапханаларына 2 миллионға жуық дана жаңа көркем әдебиет сатып алынады.
Министрдің айтуынша, жергілікті әкімдіктер биыл 225 мектеп салуды жоспарлап отыр. Оқу жылы басына дейін 41 мемлекеттік мектепті және 40 жекеменшік мектепті ашу бойынша жұмыстар аяқталуға тиіс.
Бүгінгі таңда үш ауысымды және апатты мектептер бар. Әсіресе, Алматы облысында 56 мектеп үш ауысымды болып, мұндай мектеп саны жылдан жылға көбейіп келеді. Бұл проблеманы шешу үшін әкімдіктер жаңа оқу жылына дейін мектептерді мерзімінде қолданыста енгізу және жыл соңына дейін қалған мектептерді бітіру бойынша шара қабыладуы қажет,
деді министр.
Айта кетейік, министрлік енді балалар 31 мамырға дейін оқитыны хабарлаған еді. Жыл ішіндегі демалыс саны қысқаруына байланысты жалпы оқу жылы 2 аптаға созылады.