«3-4 жыл бұрын біз Назарбаев кетті деп қатты қуанып едік. Сөйтсек, ол ешқайда кетпеген екен. Қаралы қаңтарға Назарбаевтың сол кетпей қойғаны да себеп болды», дейді блогер Ержан Есімханов Forbes Kazakhstan каналында сөйлеген сөзінде.
Оның ойынша, Назарбаев кеткелі елде онша ештеңе өзгерген жоқ. Кадрлық ауыс-түйістердің саяси астары жоқ, құр әкімшілік, техникалық орын ауыстыру ғана. Сөз бен іс бір-бірінен алшақ боп тұр:
– Мен тұңғыш президентпен өмірімде бір-ақ рет кездестім. 1998 жылдың қазан айында. 15 жасымда оқудан республикалық олимпиада жеңімпазы болғанымда марапаттау үшін Астанаға шақырды. Ол жиналған 120 баланың бәрінің қолын алып, бәріне жеке-жеке бір ауыз тілегін айтты. «15 жасымда президент мені өзімен тең көріп сөйлесті» деген сезім мені қатты қанаттандырған.
2000 жылдардан кейін тұңғыш президентке деген көзқарасым өзгере бастады. Өйткені адал еңбек ететіндер емес, «елбасыға ескерткіш қою керек» дейтін әрбір жағымпаздың жолы ашылып, солар бағаланатын болды. Құндылық өзгеріп кетті. Сол кезде
жүйе жағымпаздарды емес, адал адамдарды таңдағанда, Қазақстан қазір басқа болар еді.
Қазақстанда бай мен кедейдің арасы аспан мен жердей. Терең әлеуметтік теңсіздіктен халықтың үміті өшіп қалған. Жастар өз күшімен көтеріле алмайды. Жай ғана біреу болсаң, сені ешкім ешқайда жолатпайды. Астана мен Алматыда тұратын халықтың 10 пайызының жағдайы жақсы болса, қалған 90 пайыз халқымыздың жағдайы қиын. Осы екі тап «біз бір халық едік» дегендей бір-бірімен мүлдем араласпайды, екеуінің мұңы бөлек. Бай кедейдің қамын ойламайды, кедей байды өзінің жауындай көреді. Қаңтар қасіретінің басты мәні осында еді.
«Қазақстанның дамып жатыр» деген позитив тұстары мен «еш дамуы жоқ» деген негатив тұстарын салыстырып, саралап келгенде бәрібір негатив жағы басып кетеді. Әрине, мен Қазақстанның мықты, заманауи, озық ел болғанын қалаймын. Еліміздің түсінікті, нақты мақсаты мен бағыты болса екен деймін. Ресейдегідей бір президент өмір бойы отырып алып, ойына келгенін істемесе екен. Өйтсе, Қазақстан құрып тынады, – деген екен сарапшы.