Әлеуметтік желіде Ресей азаматтарының Қазақстан тұрғындарына алғыс айтқанын айғақтайтын кадрлар тарап жатыр.
Тілектер жазылған плакаттар мен гүл шоқтарын ресейліктер Мәскеу мен Лондондағы Қазақстан елшігі ғимаратының алдына қалдырған. Бұл арқылы ресейліктер қысылтаяң шақта қол ұшын созып, құшақ жая қарсы алған Қазақстан тұрғындарына алғыс айтып, ризашылығын білдіргісі келгені байқалады.
Ресейлік Александра Астахова Қазақстанның Ресейдегі елшілігіне алғысын білдіріп, гүл шоқтарын қалдырған.
Бірінші болып бастаған мен болдым. Ниетімді полиция қызметкерлеріне және елшілікпен ақылдаса келе жасадым. Чистопрудный бульварындағы басты кіреберісте ресейден кетуге мәжбүр болған отандастарыма көмектескені үшін алғыстарыңызды білдіре аласыздар,
деп жазды Александра Астахова өзінің Facebook парақшасында.
Ұлыбританиядағы Қазақстан елшілігі ғимаратының алдына да гүл мен алғыс жазылған плакаттар қойылған. Instagram-да ZTB.kz парақшасы осындай видеоларды жариялады. Видео авторының айтуынша, бұл Британиядағы ресейліктердің әрекеті екен. Олар мобилизацияға байланысты Қазақстанға ағылған РФ азаматтарын құшақ жая қарсы алған қазақтарға алғыс білдіріп жатқан көрінеді.
Еске салайық, 21 қыркүйекте Владимир Путин Ресейде ішінара мобилизация жариялап, әскери азаматтарды Украинада болып жатқан соғысқа жіберу шешімін қабылдады. Бұл бұйрық орыс халқының ашуына тиіп, олар жаппай шереуілге шықты. Ресейдің 38 қаласында наразылық акциялары өтті. Онда әйелдер мен шырылдаған аналар ер азаматтарын өлімге жібермейтінін айтып, қарсылық білдірген еді. Бұл ретте соғысқа жарамдылары мен жарамсыздары бірге елінен безуге мәжбүр болды. Бүгінде Қазақстанға ағылған Ресейліктердің саны 100 мыңнан асып түсті. Салдарынан екі ел шекарасында ұзын-сонар кептелістер пайда болды. Ал пәтерлер мен қонақ үйлерде тіпті түнейтін орын қалмады. Бұл ретте қазақтар «жамандыққа жақсылық — ер адамның ісі» дегендей, қонақжайлылығын білдіріп, жан-жақты көмек көрсетіп жатыр.