Қазақстан шахматшысы Жансая Әбдімәлік 2022 жылғы Дүниежүзілік шахмат олимпиадасында бірінші тақталар арасында жүлдеге ие болды. Бұл туралы Vesti.kz хабарлады.
Олимпиада Үндістанның Ченнай қаласында өтті. Бірінші тақтада құраманың ең мықты ойыншылары ойнайды. Жансая Әбдімәлік үшінші орын алып, қола жүлдеге ие болды.
Шахматшы өзінің Instagram-парақшасында жеңісіне қатысты пікір білдірді:
Біздің командамызға керемет ойын көрсеткені үшін құтты болсын айтамын! Біз аса мықты құрам ретінде өнер көрсетпесек те, қыздар соңына дейін күресті, үлес — 3-орыннан 5-орынға дейін. Бұл — әзірше әйелдер құрамасының Олимпиадалардағы үздік көрсеткіші. Олимпиада қорытындсы бойынша, біз командалық әлем чемпионатына жолдама алдық. Ол жақта бұдан да мықты ойын көсрететінімізге сенімідімін. Жекелей сында 1-тақтада қола медаль алдым,
деп жазды Жансая Әбдімәлік.
Шахматшы жеңіске жеткен Украинаның әйелдер құрамасын құттықтады. Ел басына күн туған мына заманда бұл жеңістің құны зор екенін айтты.
Қазақстанның тағы бір шахматшысы Бибісара Асаубаева екінші тақталар арасында төртінші орын алды.
Қазақстанның ерлер құрамасы өкілдері үздік бестікке кіре алмады.
«Спорт Шердингера» Telegram-каналы елімізден қатысқан әйелдер және ерлер құрамасы көрсеткішін ұсынды.
Әйелдер құрамасы:
Жансая Әбдімәлік (22 жаста) — бірінші тақта, 3-орын;
Бибісара Асаубаева (18 жаста) — екінші тақта, 4-орын;
Ксения Балабаева (17 жаста) — үшінші тақта, 16-орын;
Гүлісхан Нахбаева (31 жаста) — төртінші тақта, 11-орын;
Назерке Нұрғали (18 жаста) — бесінші тақта, 8 ойыннан аз ойнады.
Ерлер құрамасы:
Ринат Жұмабаев (33 жаста) — бірінші тақта, топ-20-ға кіре алмады;
Әлішер Сүлейменов (22 жаста) — екінші тақта, 13-орын;
Мұртас Қажығалеев (49 жаста) — үшінші тақта, 8 ойыннан аз ойнады;
Арыстанбек Оразаев (24 жаста) — төртінші тақта, 18-орын;
Қазыбек Нөгербек (18 жаста) — бесінші тақта, 19-орын.
Өзбекстанның ерлер құрамасы Дүниежүзілік шахмат олимпиадасының жеңімпазы атанды, әйелдер арасында Украина құрамасы үздік болды.
Айта кетейік, Қазақстанның әйел шахматшылары жалпы есепте жеңіске үміткер болғанымен, турнирді бесінші орынмен аяқтады. Олимпиададағы біздің шахматшыларымыз – орта жастағы ең жас командалардың бірі.