Categories: Саясат

Жасарал Қуанышалин Назарбаевтың құлағанын көріп кетті

Өткен аптада қазақ оппозициясы қара жамылды. Саясаткер Жасарал Қуанышалин 74 жасында дүниеден өтті. 20 мамырда Алматының Орталық мешітінде Ж.Қуанышалиннің жаназасы оқылып, азаматтық қоғам өкілдері саясаткерді ақтық сапарға шығарып салды.

Саясаттанушы Шалқар Нұрсейітов «Жас Алашқа» жақсы жазыпты:

Мешіттен үйге қайтып келе жатып, Ж.Қуанышалин жайлы осыдан 3-4 жыл бұрын бір досым айтып берген әңгімесі есіме түсті. Оның рас немесе өтірігін білмедім. Мүмкін саясаткердің жолдастары ойлап тапқан әзіл де шығар. Досымның айтуынша, кезінде Ж.Қуанышалин күнде газет-журнал сататын киоскіден «Егемен Қазақстан» газетін сатып алып, бірінші беттен некролог іздейді екен. Сатушы некролог газеттің соңғы беттерінде болады деп айтса, Ж.Қуанышалин «Мен іздеген некролог бірінші бетке шығады» дейді екен…   

2016 жылдың қыркүйегінде, Өзбекстанның сол кездегі президенті И.Каримов қайтыс болғанына аз уақыт өткен кезде Ж.Қуанышалин «Азаттық» радиосына берген сұхбатында Н.Назарбаевтың саясаттан кетуі, оның ішінде И.Каримов секілді кетуі Қазақстандағы саяси күресті жеңілдетеді деген ойды айтады.

Жасарал Қуанышалиннің саясаттағы күрес жолын саяси режимнің өкілдері де, кейбір оппозиция өкілдері де «радикал» деп сипаттайды. Себебі ол қазіргі авторитар саяси жүйенің архитекторы Н.Назарбаевты ашық айыптайтын, оны өзінің басты саяси оппоненті санайтын санаулы саясаткердің бірі болды.

Мәселен, 2005 жылы Қазақстанда көп адам тіпті шәй үстінде бірінші президентті сынауға қорқатын кезде, Ж.Қуанышалин Н.Назарбаевтың «қазақта шекара болмаған» деген сөзін ашық сынап, сол арқылы ол мемлекетке сатқындық жасады деп мәлімдеді. Сол мәлімдемесі үшін Ж.Қуанышалин 2 жылға сотталып, кейін рақымшылық заңымен босатылды. Өзін кінәлі санамаған Ж.Қуанышалин рақымшылық заңын қолдануға қарсы болды. Осылайша Жасарал Қуанышалин Н.Назарбаевтың ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс болып тұрған кезде автократпен соттасқан бірден-бір тұлға ретінде тарихта қалды. 

Жасарал Қуанышалиннің саяси күрес жолын «радикал» деп, негативті коннотациямен сипаттауға келмейді. Өйткені ол өзі таңдаған күрес жолында күшке емес, саяси құралдарға талай рет арқа сүйеді. Бірнеше рет саяси партиясын тіркеуге талпынып, өзі президентке кандидат болып тіркелуге тырысты, бірнеше рет аштық жариялап, санкцияланбаған митингілерге де қатысты, талай рет сұхбат беріп, қазақша және орысша көптеген мақалалар да жазды. Осы әрекеттің бәрін «радикал» деп бағалау Ж.Қуанышалиннің саяси күресте деструктивті бағытты ұстанғанын білдірмейді. Оның «радикал» атануының себебі саяси күресте оның іс-қимылы авторитар режимнің оппозицияға жазып, сызып берген шеңберге сыймауында жатыр.

Қазақстанда қоғамдық-саяси дискурста

Н.Назарбаевтың есімі «автократия» сөзінің синониміне айналғанын ескерсек, Ж.Қуанышалиннің ресми газеттің бірінші бетінен некролог іздеуін біреуге өлім тілеу емес, елдегі саяси өмірдің либерализациясын ұзақ күткен, сол үшін талмай күрескен азаматтың көптің ойындағы авторитаризмнен құтылу үмітін тілге тиек етуі деп қараған дұрыс болар.

Қазір кейбіреулердің көкейінде «Бұл саяси күресте Н.Назарбаев құрған авторитар режим жеңіске жетті дегенді білдіре ме?» деген сұрақ тууы мүмкін.

Менің ойымша, бұл күресте Ж.Қуанышалин жеңілген жоқ, ал авторитар жүйе жеңіске жеткен жоқ. Саясаттағы күрес саясаткерлердің дүниеден өтуімен аяқталмайды. Саясаткерлер дүниеден өткен соң, күрес басқа формаға көшеді. Яғни олардың саяси мұрасы арасында күрес басталады. Ал Ж.Қуанышалин секілді оппозициялық саясаткерлер мен Н.Назарбаевтың саяси мұрасы арасындағы күрес Жасарал Қуанышалиннің көзі тірісінде, 2022 жылдың қаңтарында басталып кетті.

Н.Назарбаев Қаңтар қырғыны кезінде «Шал, кет!» деп жер-жерде бірнеше мың азаматтың ұрандатқанын, өз ескерткішінің құлағанын көріп, одан кейін «елбасы» статусынан айырылып, Нұр-Сұлтанның қайтадан Астана болғанына куә болды. Ал Ж.Қуанышалин авторитар режиммен күрестен тұратын өз мұрасымен өмірінің соңғы күндеріне дейін бірге болды.

Бұл күресте Ж.Қуанышалин жеңілген жоқ, ал авторитар жүйе жеңіске жеткен жоқ.

Әлемде өткен ғасырдан бері демократияға бет бұрған елдердің саны біршама өскенін ескерсек, уақыт Жасарал Қуанышалиннің мұрасы жағында.

Арман Ерғалиев

Recent Posts

Жалған техникалық тексеру 100 АЕК айыппұл салынбақ

«Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне автокөлікті жалған техникалық тексеруден өткізуге қатысты айыппұлды 30…

1 день ago

Кредиті айлығының жартысына жеткендерге жаңа несие бермейді

Қазақстанда енді несие беру кезінде қарыздық коэффициентті есептеу жүйесі қолданылады. Егер адамның ай сайын төлейтін…

2 дня ago

Қазақстан бірегей көне қыпшақ кітаптарының цифрлық көшірмесіне қол жеткізді

Қазақстанның дәл бүгінгі қоғамдық өмірінде тарих қойнауында жинақталған бағалы деректерге баса назар аударудың маңызы зор.…

3 дня ago

Экс-министр Ерлан Тұрғымбаев екі айға қамалды

Қазақстанның бұрынғы ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев екі айға қамауға алынды, деп хабарлайды дереккөз. 30…

3 дня ago

Қазақстан әуежайларында қауіпсіздік шаралары күшейтіледі

2024 жылғы 1 мамырдан бастап еліміздің барлық әуежайларында авиациялық қауіпсіздікті күшейту бойынша вокзал маңындағы алаңдарда,…

3 дня ago

Мектепте соңғы қоңырау өтетін болды — министр үндеуі

ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мектеп түлектеріне үндеу жасады. Министрдің айтуынша, оқу жылы маусым айына…

5 дней ago