Қазақстандықтар отбасын құруға асықпайды. Биыл 54 мыңға жуық жұп шаңырақ көтеріпті. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 10, ал он жыл бұрынғымен салыстырсақ, 30 пайызға кем. Оның үстіне соңғы уақытта 35 жастан асып некеге тұратындар көбейген, деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Сарапшылар бұл үрдісті алдымен урбанизациямен, одан кейін инфляциямен байланыстырып отыр. Яғни ер азаматтар қаржылық жағдайды реттеп, баспаналы болған соң ғана үйленгісі келеді.
Ал қыздар көбіне қалталы азаматты іздейді екен. Кеш үйленудің өзге де себептері қандай?
Үй болу ғана емес, үйлену де қазір оңай емес. Елімізде теңін таппай жүрген жұптар жыл сайын көбеюде. Бұған соңғы уақыттағы статистика дәлел. Мәселен, астаналық Эльвира Найманбаева 37 жаста. Тұрмыс құрмаған. Бүгінде өзінің шағын кәсібі бар. Айтуынша, күйеуге шықпауының себебі, ойындағы азамат әлі кездеспеген. Сол үшін махаббатсыз шаңырақ көтеруге ниетті емес.
Менде қалай да тұрмысқа шығуым керек деген түсінік болған емес. Жанымдағы құрбыларым да өзіммен қатар. Өзін қалыптастарған, жағдайын жасап алған жандар. «Бойдақпынау, кәрі қыз боп қаламын» деп трагедия жасамайды. Себебі қазіргі заман талабы осылай. Азамат, не бойжеткеннің қол жеткізген бір жетістігі болуы шарт. Үйжайын реттеуі тиіс. Бұл басты қажеттілік. Өйткені шаңырақ көтеру үлкен жауапкершілік,
Эльвира Найманбаева.
Алайда репродуктолог мамандарының айтары басқа. Олар бойжеткендердің жағдайға емес, жасқа мән беру керегін ескертеді. Өйткені әйел денсаулығы 35 жастан кейін сыр бере бастайды. Ал ол өзі үшін де, дені сау ұрпақ әкелу үшін де маңызды.
Бүгінде қыздардың тұрмысқа кеш шығып, кеш босануы жиілеп кетті. Негізінен бірінші бала 2627 жасқа дейін дүниеге келуі керек. Яғни 30 жасқа дейін балалы болғаны дұрыс. Ал 35 жасқа дейін екінші баланы дүниеге әкелген абзал. Негізінен бұрын бұдан төмен жасты көрсететінбіз. Ал қазір отбасын құруға асықпайтындарға тым құрығанда осы жасты ескеруі керек. Өйткені адамның жасы ұлғайған сайын, іштегі ауруы да шыға береді,
деді Халықаралық клиникалық репродуктология орталығының директоры Вячеслав Локшин.
Бүгінде алып шаһарда ай сайын 200-ге жуық қана жұп шаңырақ көтереді. Олардың орташа жасы соңғы уақытта айтарлықтай ұлғайған. Қазір ерлер көбіне 32-33 жасында отбасын құрса, ал қыздар 30-ға таяп барып тұрмысқа шығуда. Бұған екі тараптың ең әуелі «баспаналы болуым керек» деген сылтауы себеп.
Сарапшылар да қазіргі жастардың жанұялы болуға асықпайтынын растайды. Барлығында баспана басты мәселе. Қала берді, қарыз-құрызы тағы бар. Мәселен, биыл жаңа тұрғын үй кешендерінде әр шаршы метрдің бағасы алты пайызға қымбаттапты. Ал жалға берілетін баспана 26 пайызға бір-ақ көтерілген.
Жастар қазір өмірін өзі күрделендіріп жіберген. Бірі өзіне лайық адамды іздеп жүргенін желеу етеді. Көбісі экономикалық мәселеге тіреп тастаған. Тіпті балалы болуға деген қорқыныш та басым. Дәлірек айтсақ, екі адам күнін әрең көріп жүргенде, үшінші адамды асырауға және оны тәрбиелеуге шамасықайдан болсын,
дейді әлеуметтанушы Любовь Сартакова.
Статистикаға сүйенсек, биыл 35-тен асып отбасын құрғандардың үлесі орта есеппен 19 пайызға жетті. Сарапшылар бұл жаста шаңырақ көтергендердің көбеюіне бұрын ажырасып, екінші рет некеге тұрғандар да қосылуы мүмкін екенін айтады.