Енді ЖОО-лар мемлекеттік немесе жекеменшік болуына қарамастан, студенттерді жатақханамен қамтамасыз етуге міндеттеледі.
ЖОО-ларға қатаң талап қойылады. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек осылай деді. Оның айтуынша мұндай талапты орындамаған университеттерге лицензия берілмейді. Сондай-ақ жаңа мамандық ашуға тыйым салынады.
Кез келген жаңа мамандықты ашу үшін немесе жаңа лицензияны алу үшін міндетті шарт қойылады. 100 адамға лицензия өтінімін бере ме, онда сол 100 адамға жатақанхана орынын қамтамасыз етуі керек. Осы жылдан бастап заңнамалық түрде сондай шарттар енгізілді, шектеу қойылды,
деді министр.
Бұдан бөлек 2026 жылға дейін елдегі студенттердің басым бөлігі жатақханамен қамтамасыз етіледі. Бұл үшін қаржы орталығымен бірлесіп, жеке инвесторлармен, құрылыс компанияларымен, мердігерлермен тікелей жұмыс жүргізіледі. Оларға арнайы алты жылдық шарттар беріледі. Қаржы моделі арқылы 2026 жылға дейін студенттердің 60-70 пайызы жатақханамен қамтамасыз етіледі деген болжам бар.