Депутат Ардақ Назаров Instagram әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында қыздарға және ұлдарға бөлек-бөлек ұлттық тәрбие беретін лагерьді жарнамалауда. Алайда желі қолданушылары тарапынан саяси қызметкердің бизнеспен айналысуы қаншалықты заңды деген қызығушылық тудырды. Блогер Сәбит Рысбаев Назаровтың діни әңгіме айтуын да құптамай отыр.
Ардақ Назаров жақсы діни әңгіме айтады ғой дейді. Айта берсін. Бірақ ол саяси қызметкер ғой. Бір депутат шығып будданы айтса, біреуі шығып христиан дінінен уағыз жіберсе боқтар едік. Кетсін ойбай құрысын дер едік. Сол сияқты ғой ол. Депутаттық мандатын тастаған соң мешітке барып имам болса да өзі біледі. Депутат болып тұрғанда ондай нәрселерін дұрыс көрмеймін,
деп жазды ол Facebook парақшасында.
Айтуынша, өзі жеке лагерь ашып алып, балаларды шақырып жүрген болса — бұл бизнес саналады. Ал елде депутаттарға бизнеспен айналысуға рұқсат жоқ.
Балаларды лагерьге шақырып жатса ол да дұрыс. Бірақ өзі жеке лагерь ашып алып сонда шақырып жатса — ол бизнес. Ол да дұрыс емес. Саяси қызметкер болған соң халықтың әл ауқатының артуына, демократиялық институттардың қалыптасуына жұмыс жасаса деймін да,
деп жазды Рысбаев.
Айта кетейік, елімізде блогерлерге қатысты заң қызу талқыланып жатыр. Ол «Онлайн-платформалар және онлайн жарнама туралы». Жаңа құжатқа сай блогерлер енді кез-келген нәрсені жарнамалайтын болса, оның жарнама екенін таңбалауға міндетті. Яғни жариялаған постты «жарнама», «демеуші төлеген» деп белгілуі керек. Әрі салық төлеуі тиіс. Ал егер «ақылы» деп көрсетпесе, жауапкершілік қарастырылған. Блогерлердің айтуынша, мемлекеттік бюджетке түсімді арттырып, бақылаусыз кеткен саланы ретке келтіруге сеп болмақ.
Алайда бұл депутаттарға қатысты бола ма, ол жағы әлі нақтыланған жоқ.