Марқұмның артында жұбайы және 2 қызы қалды.
Мұрат Бірмағамбетов әлеуметтік желі қолданушыларына Марс Откатович және Мура Мариарчи лақап атымен танымал. 19 қарашада жоғалған ақтөбелік Мұрат Бірмағамбетовті жергілікті тұрғындар қаладан шарқ ұрып іздеген. Блогер үйінен шыққаннан кейін қайта оралмаған. 27 қараша күні марқұмның денесі табылғаны хабарланды. Оның өлімінің себебі туралы әзірге ешқандай ақпарат жоқ.
Ол инстаграм парақшасындағы соңғы жазбасын 17 қарашада салған. Жұбайымен түскен суретін мұңды әнмен әрлеген блогер өзінің өлерін алдын ала сезгендей. Достары мен әріптестері, әлеуметтік желі қолданушылары осындай ақкөңіл жанның енді жоқ екеніне сене алмайды. Жазба астындағы пікірлерден, Мұрат Бірмғамбетовтың сыйлы, әрі танымал екенін байқауға болады.
Мұрат Бірмағамбетов көзі тірісінде нағыз әмбебап азамат және өз елінің патриоты екенін көрсетті. Ол — блогер, вайнер, волонтер әрі Ақтөбе КВН командасының бұрынғы капитаны болған. Сондай-ақ Мұрат қайырымдылық іс-шаралардың басы-қасында жүрген. Ол ақтөбелік қыз-жігіттермен бірге «100 дос» атты жобаны іске асырып, мұқтаж жандарға жәрдемдескен. Марқұмның артында жұбайы және 2 қызы қалды.